TikTok-та «мені алып қашты» деп алдаған қызға айыппұл салынды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
қыз алып қашу фейк видео
коллаж: Алматы облысы соттары

Алматы облысы Қарасай ауданында әлеуметтік желілерде «мені алып қашты» деп жалған мәлімет таратқан қызға айыппұл салынды. Бұл туралы Kursiv.Media облыс соттарының мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.

Сот дерегінше, 2026 жылғы 15 қаңтарда шамамен сағат 20:00-де К. есімді қыз TikTok әлеуметтік желісінде адам ұрлау оқиғасы туралы видео жариялаған. Желідегі видео қызды мәжбүрлеп некеге тұрғызып жатыр деген сипатта таралған.

«Сот отырысында К. кінәсін толық мойындап, видеоны көп қаралым жинау мақсатында салғанын, жасаған әрекетіне өкінетінін түсіндірді», – деп хабарлайды өңірдегі соттар.

Іс материалдарын зерделеген сот күдіктінің әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері жоқ, алайда әкімшілік құқық бұзушылық құрамы бар деген қорытындыға келді. Сот қаулысымен кінәлі деп танылған қызға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.

«К. әкімшілік құқық бұзушылықты алғаш рет жасағаны, жасаған әрекетіне өкінетінін ескере отырып, айыппұл сомасы 30%-ға қысқартылып, түпкілікті төлейтін сома 60 550 теңге деп белгіленді».

Қаулы заңды күшіне енген жоқ. Сот шешіміне шағымдануға болады.

Сондай-ақ оқыңыз