Үкімет тендер арқылы игерілетін 8 трлн теңгенің ұлттық жобасын таныстырды

Үкімет 2030 жылға дейін көмір өндірісін дамытуға 8 трлн теңге жұмсауды көздеп отыр. Ол бастапқы құны ғана. Қомақты қаражат тендермен, үкіметпен арадағы келісімдермен игеріледі. 9 ақпанда Энергетика министрлігі қаңтардағы құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан ұлттық жобаны таныстырды. Бұл туралы Kursiv.Media үкімет мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Триллиондар қайда жұмсалады
Жоспар елдегі энергия тапшылығын шешуді, ескірген стансаларды жаңартуды көздейді. Жобаның бастапқы құны 8 трлн теңгеден асады деп бағаланып отыр.
Жоспарға алты ірі энергетикалық нысанның құрылысы кіреді: Екібастұз МАЭС-3 (ГРЭС), сонымен бірге Курчатов, Көкшетау, Семей, Өскемен және Жезқазған стансалары.
Бұған қоса, Екібастұз МАЭС-2 және Ақсу МАЭС сияқты жұмыс істеп тұрған стансалардың техникасын жаңарту көзделген.
«Ұлттық жоба саладағы барлық бағыттарды кешенді әрі жан-жақты дамытуға бағытталған. Бұл инвестиция тартудан бастап, отын-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға және кадрлық әлеуетті күшейтуге дейінгі теңдестірілген тәсіл», – дейді энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.

Қомақты қаражат және тендер
Жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторларды тендер арқылы таңдау механизмдері қолданылады. Ал қолданыстағы стансаларды жаңарту үшін министрлікпен инвестициялық келісімдер жасалады.
«Жобада басты назар «таза көмір» негізіндегі нысандарға, заманауи технологияларды қолдануға аударылған. Біздің мақсат – моральдық және физикалық ескірген қуаттарды жоғары тиімділік коэффициентіне ие заманауи энергетикалық блоктармен кезең-кезеңімен алмастыру», – дейді министр.
Оның пікірінше, бұл «экологиялық талаптар мен энергетикалық қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді».
«Отбасы банкпен» бірлесіп арнайы тұрғын үй бағдарламаларын іске қосу қарастырылған.
Ұсыныстар мүдделі тараптармен пысықталған соң, Ұлттық жобаның соңғы нұсқасы бекітіледі.
Көмірді қайта «маздатқан» кім
2026 жылғы 20 қаңтарында Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев көмірге қатысты мәлімдеме жасады.
«Көмір электр станцияларына ұлттық жоба мәртебесін беру қажет. Үкіметке бұл мәселені 20 наурызға дейін шешу тапсырылады. Алдыңғы қатардағы міндет – Көкшетау, Семей және Өскеменде жаңа ЖЭО құрылыстарын жедел жүзеге асыру», – деген президент.
Мемлекет басшысы көмірді стратегиялық активке жатқызды. Қазақстанның көмір қоры – шамамен 33 млрд тонна. Оны қазіргі қарқынмен өндіргеннің өзінде әлі 300 жылға жетеді.
Осылайша, Қазақстан жел, күн қуатын емес, қоршаған ортаға зияны аз «таза көмірге» басымдық беріп отыр. Нақты өндірісте экологиялық таза электр өндірісінің үлесі бар болғаны 4-5% ғана. Ал елде өндірілетін қуаттың шамамен 50-60%-ы көмірден алынады.
Естеріңізге сала кетейік, жақында ғана Forbes тізіміндегі байлардың көмір кен орындарына айыппұл салынынған.