Нұрлан Сабуровқа «соғысқа кетесің не еліңе қайтасың» деп шарт қойылған

Нұрлан Сабуровқа ресейлік арнайы қызметтің бұйрығы бойынша елге кіруге тыйым салынған. Оның алдына тіпті соғысқа кету деген талап қойған екен. Бұл жайлы дереккөздеріне сілтеме жасаған «Важные истории» басылымы жазады.
Редакцияның дерегінше, Сабуров арнайы қызметпен серіктес болып жұмыс істеуге келіспеген. Оны бірнеше рет Лубянкедегі Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі ғимаратына шақырған. Әзілкешпен ұзақ әңгіме айтып, серіктестікке шақырады. Бірақ Сабуров келіспеген де, бас тартпаған да. Осы «қитұрқылығы» арнайы қызметтің ызасын тудырған көрінеді.
Әртіс үш рет Ресейде тұрақты тұруға рұқсат алу үшін өтініш жібереді. Бірақ үш рет те оған рұқсат бермейді. Соңғы рет әзілкешті 2025 жылы шақырып, екі талап қояды. Сабуров келісімге келіп, бір жылға әскерге кетеді немесе елден біржола көшуі керек.
Осыдан кейін Сабуров өзінің «ресейшіл көзқарасын» көрсетуге тырысып, әскерге 10 «Эндуро» мотоцикл жіберген. «Барлығы жеңіс үшін» қорына тағы 10 млн теңге (2 млн рубль) аударған. Бірақ оның ешқайсысы көмектеспеген тәрізді. Былтыр оның Ресейдегі концерттерін өткізуге тыйым салып, Рязань, Омбы, Екатеринбург пен Тюмендегі шаралары тоқтаған еді.
Еске салайық, өткен аптада Нұрлан Сабуровқа 50 жылға Ресейге кіруге тыйым салды. Кей БАҚ-тың жазуынша, әзілкеш Ресейде тапқан табысын делдалдар арқылы заңдастыруға әрекеттенген көрінеді.
Оның өзі бұл мәселеге ашық пікір білдірген жоқ, бірақ «әртіс ретінде қалыптасуына мүмкіндік берген Ресейге» алғыс айтты.