«Протон-М» зымыраны Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшуға дайын тұр (фото)

«Протон-М» зымыран тасығышы Байқоңыр ғарыш айлағында 2023 жылғы наурыздан бері алғаш рет ұшуға дайын тұр. Улы гептилмен ұшатын зымыран 12 ақпанда әуеге көтеріледі.

9 ақпанда таңертең ерте зымыранды Байқоңырдағы 81-алаңға жеткізу жұмыстары басталды. Оған ондаған адам қатысты.

Зымыран орбитаға «Электро-Л» №5 спутнигін алып шығады. Ол ауа райын тәулік бойы бақылайтын гидрометеорология спутнигі.

«Роскосмос» жариялаған суреттерге қарағанда, зымыранды ангардан ұшу алаңына дейін жеткізуге полиция, өрт сөндіру, жедел жәрдем қызметтері қатысты. Тіпті әуедегі тікұшақты да көруге болады.

1,1-диметилгидразин, яғни гептил өте улы зат. Оның өте аз мөлшері аз уақытта өлімге әкеп соқтыруы мүмкін.

Хруничев орталығында дайындалған зымыран 12 ақпан, бейсенбі күні Астана уақытымен шамамен 13:52-де ұшырылады. Дайындық барысында ақау табылса, ұшыру тағы кейінге қалуы мүмкін.
Ресей Байқоңырда «Протон» зымырандарын ұшыруды 2026 жылы тоқтатуы керек еді. Алайда Мәскеу олардың бәрін ұшырып үлгермей, уақытты созуды сұраған. «Роскосмос» өкілдерінің айтуынша, қазір екі ел «Протонды» ұшыру мерзімін 2032 жылға дейін созу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр.
Бұған дейін Kursiv.Media Қазақстанның Байқоңыр ғарыш айлағы мен ел аумағындағы әскери полигондарды Ресейге жалға беруден қанша пайда тауып отырғаны туралы жазған.