Алматыда электр самокаттары қанша адамды қағып кетті

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото:kursiv.media архиві

Соңғы жылдары электр самокаттары қала тұрғындары үшін ыңғайлы көлікке айналғанымен, олармен байланысты жол-көлік оқиғалары да күрт көбейіп отыр. Әсіресе Алматы қаласы бұл көрсеткіш бойынша алдыңғы орында тұр.

Электр самокаттар қанша адамды жарақаттады

Полиция департаментінің хабарлауынша, 2025 жылдың 12 айы ішінде Алматы қаласында электр самокаттардың қатысуымен 386 жол-көлік оқиғасы тіркелген, оның салдарынан 400-ден астам адам жарақат алған. Ереже бұзған самокат жүргізушілеріне қатысты 24 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылған, ал 10 мыңнан аса электр самокат арнайы тұрақтарға қойылған.

Сонымен қатар прокуратура статистикасына сәйкес, электросамокаттарды қағып кету фактілері бойынша ел ішінде Алматы қаласы алдыңғы орында тұр. 2025 жылы Қазақстанда мұндай 210 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, соның 116-сы Алматыда болған. Екінші орында Астана (45 факт), үшінші Шымкент (12 факт), ал төртінші орында аз ғана айырмашылықпен Алматы облысы (10 факт) тұр.

Ал 2026 жылдың басынан бері Алматыда екі самокат жүргізушісін, Шымкентте бір самокат жүргізушісін көлік қағып кеткен.

Велосипедшілердің қатысуымен болған оқиғалар саны

Айта кететін жәйт, Қазақстанда велосипедшілерді қағып кету жағдайлары электросамокат жүргізушілеріне қарағанда әлдеқайда жиі кездеседі. Прокуратура дерегінше, 2025 жылы велосипедшілердің қатысуымен (зардап шеккендермен) 1005 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның 220-сы Алматыда, ал 124-і Астанада болған.

Еске сала кетейік, 2026 жылдың жазынан бастап жалға берілетін электр самокаттарды міндетті түрде сақтандыру және оларға тіркеу нөмірлерін беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, депутаттар мұндай техниканы тротуарлардан мүлде алып тастауды ұсынып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз