Қытайлар Түлкібаста әлемдік деңгейдегі этноаймақ салғысы келеді

Қытай инвесторлары Түркістан облысының Түлкібас ауданында әлемдік деңгейдегі этнографиялық демалыс аймағын салуды ұсынды. Өңір әкімдігі оны «мегажоба» деп сипаттады.
9 ақпанда облыс әкімі Нұралхан Көшеров экологиялық таза демалыс орнын ашуды көздейтін ауқымды жоба бойынша келіссөз жүргізді: қытайлар Түркістанға қонаққа келді.
«Маңызды бастама биылдан бастап кезең-кезеңімен жүзеге асырылады және мемлекет тарапынан жан-жақты қолдауға ие болады», – деп таратты әкімдік.
Жоба авторлары Түлкібасты Қазақстан былай тұрсын, Орталық Азия мен әлемді байланыстыратын халықаралық мәдени-туристік орталыққа айналдырғысы келеді.

Атап айтқанда, мұнда қонақүйлер, мейрамханалар мен кафелер, сауда-ойын-сауық кластері, гүл аңғары, шаңғы және шөпте сырғанау аймақтары, жұлдызды шатырлар, ипподром мен ұлттық ат ойындары кешендері бой көтереді.
Сонымен қатар ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдарын өндіретін шеберханалар мен шағын өндіріс орындары ашылады.
«Түлкібас еліміздің жаңа мәдени-туризм брендіне айналмақ. Барлық құрылыс және жоспарлау жұмыстары халықаралық стандарттарға сай, экологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып жүргізіледі. Қызмет көрсету сапасы мен басқару жүйесі кәсіби деңгейде ұйымдастырылады», – делінген әкімдік мәліметінде.
Әзірге «мегажоба» авторларының, яғни қытай инвесторларының кім екені белгісіз. Өңір әкімдігі таратқан ресми мәліметте инвестиция көлемі де айтылмаған.
Түркістан облысында Қытай инвесторлары көбейді. Бұған дейін Kursiv.Media Орталық Азиядағы ең ірі аквапаркты қытайлар Түркістанда салатыны туралы жазған. Оның аумағы 12 гектардан асады.
Ал 2025 жылдың аяғында өңірде қытайлар еккен мақта өртеніп кеткен.