Депутат халық Ата заң жобасын 99% қолдап отыр деп санайды

Депутат Мұрат Әбенов қазақстандықтар Конституция жобасын 99% қолдап отыр деп санайды. Әбенов бұл ойын Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның отырысында айтты.
Конституция жобасы 95 бап, 320 тармақтан тұрады. Сөзінше, соның ішінде 3-4 тармақ қана қызу талқыланып жатыр.
«Қалғанын азаматтар қолдап отыр. Талқыланып жатқан нормалар ішінде 5-баптың 6-тармағы бар. Бұл жерде «қарқынды дамитын қала» арнаулы құқықтық режимі туралы айтылған. Тіл туралы нормалар жазылған 9-баптың 2-тармағы; Сөз еркіндігі айтылатын 23-баптың 4-тармағы; Құрылтайды тарату нормалары көзделген 62-бап та талқыланып жатыр», – дейді ол.
Айтуынша, ұсыныстар қазір де түсіп жатыр.
«Қоғам жобадағы 320 тармақтың 317-cін толық қолдап отыр. Бұл Конституция жобасының 99%-ын ел қолдайды деген сөз. Басқа тармақтарға азаматтар сын айтып жатқан жоқ», – депутат Әбенов.
Бұған дейін Конституция жобасында тіл туралы бапқа өзгеріс енгізілгені айтылды.