Жетісайда диқандар егін егуге кірісе алмай отыр

Түркістан облысы Жетісай ауданында диқандар қазірден бастап егін егуге кірісе алмай жүр. Өткен жылдың соңында құжат тапсырғанымен мемлекеттен берілетін жеңілдетілген несиені әлі алмаған.
Дала жұмыстарын бастау керек
Жетісай, Мақтаарал ауданының кей диқандары егін егуді қаңтар айынан бастаған. Бір бөлігі жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алмай әлек. Шаруалардың айтуынша, дәл қазір көшет отырғызып, дала жұмысына қызу кірісуі керек болған. Ал олар егістік басында емес, қаржы ұйымдарының табалдырығын тоздыруға мәжбүр. Басым бөлігі несие алу үшін құжаттарын 2025 жылдың желтоқсан айында өткізген. 1 ай ішінде қаржы берілетіні айтылғанымен, арадан 2 ай өткенде де несиесін ала алмаған.
Несие шаруалар үшін маңызды
Диқан Әбдімүтәліп Оразбаевтың сөзінше, мемлекеттен төмен пайызбен берілетін несие шаруалар үшін аса маңызды.
«Егер бұл қаражат ертерек берілсе, тыңайтқышты уақытылы алатын едік. Ал зауыттардан алсақ, бағасы да қымбат, пайызы да жоғары. Бұл дихандар үшін тиімсіз», – дейді ол.
Мемлекеттік қолдау жылда кешігеді
Кей шаруалар жеңілдетілген несиені күтпей жоғары пайызбен қарыз алған. Олардың егіні бұл үстемені жаба ма, жоқ па ол да белгісіз. Ашынған диқандар мемлекеттік қолдаудың жылда кешігуінен мезі болған.
«Көмекті уақытылы алсақ, ешкімге тәуелді болмайтын едік. Мамыр, маусым айында берілсе, оның бізге пайдасы шамалы. Ол кезде уақыт өтіп кетеді, – дейді диқан Абдулла Мейірбеков.
Ресми мәліметке қарағанда, Жетісай ауданында төмен пайызбен берілетін мемлекеттік қаржыға 150-ге жуық диқан өтініш берге болса, олардың 10 пайызы ғана несие алған.
«Ырыс» микроқаржы ұйымының Жетісай ауданы бойынша үйлестірушісі Сабыржан Жақыповтың айтуынша, 95 диқанның өтініші мақұлданып, оларға 450 миллион теңге несие беру жоспарланған.
Бұған дейін, депутат ауылда малы бар отбасыларға көмектесуді ұсынған.