Мектепте тапанша ұстап жүрген оқушыны полиция жазаға тартады

Петропавлдағы мектептердің бірінде жоғары сынып оқушысы сабаққа тапанша алып келген. Таңғаларлық оқиғаға қатысты СҚО полициясы ақпарат жолдады.
Ведомствоның Kursiv.Media-ға жолдаған ақпаратына сүйенсек, тапанша атыс қаруы емес, пневматикалық болған. Оқиғаға қатысты зардап шеккен адам жоқ. Дегенмен оқушы мен оның ата-анасы жауапқа тартылады.
«Талқылау қорытындысы бойынша кәмелетке толмаған бала ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның заңды өкілі – баланы тәрбиелеу және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін жауапқа тартылды. Білім беру органдарының атына болған оқиғаға ықпал еткен факторларды жоюға бағытталған шаралар қабылдау туралы ұсыныс енгізілді», – деп хабарлады полиция департаменті.
Тексеру аяқталғаннан кейін мектеп басшылығы, сондай-ақ, осы оқу орнындағы қауіпсіздікке жауапты күзет агенттігінің қызметкеріне қатысты қандай шешім қабылданатыны белгілі болады.
Оқиға 5 ақпанда болған. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, оқушының тапанша алып келген. Осы жағдайдан кейін мектеп әкімшілігі шаралар қабылдап, қауіпсіздікті күшейткен.
Бұған дейін 5 ақпанда Құлсары мектептерінің бірінде оқушы балтамен сабаққа келіп, құрдастарына шабуыл жасағанын жазған едік.