Шымкентте бір отбасы иіс тиіп қайтыс болды

Шымкент қаласында бір отбасының үш мүшесі иіс тиіп қайтыс болды. Олар жалға алған пәтерде тұрып жатқан. Бұл туралы Қазақпарат хабарлады.
Алдын ала мәлімет бойынша, «Шығыс» шағын ауданындағы пәтерде анасы, ұлы және әжесі тұрып жатқан. Көмекті көршілері шақыртқан. Үйден ешкім шықпай қалғанына секем алған олар пәтер қожайынына хабарласуға тырысқан. Содан кейін ғана құтқарушыларды шақыртқан.
Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, хабар 8 ақпанда түстен кейін түскен.
«Шығыс» шағын ауданында пәтер қожайыны ұзақ уақыттан бері есік ашпай жүргені туралы хабар түсті. Оқиға орнына шұғыл әрекет тобы аттанды», – деп хабарлады басқарма.
Құтқарушылар пәтерден үш адамның мәйітін алып шықты. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың бәрі иіс тиіп қайтыс болған.
Қазір өлім себебі анықталып жатыр. Оқиға орнында тиісті мекемелердің қызметкерлері жұмыс істеп жүр.
Ақпанның басында ғана Түлкібаста ерлі-зайыптылар уланып, бірі қайтыс болған.
Ал өткен аптада Алматы облысында бір үйде төрт адам о дүниеге аттанған.