Атырау облысында инфекциядан бір ай ішінде 1500 ірі қара өлген

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: shutterstock

Атырау облысы Құрманғазы мен Исатай ауданында вирустық диарея және инфекциялық ринотрахеиттен 1500-нан аса ірі қара мал өлді. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасынан хабарлады.

Қазіргі уақытта Исатай ауданының Зинеден ауылында, сондай-ақ Құрманғазы ауданына қарасты Дыңғызыл, Еңбекші, Бөкейхан және Құрманғазы ауылдарында карантиндік шектеулер енгізілді. Аталған елдімекендерге малды кіргізу мен шығаруға уақытша тыйым салынды.

«Бұл аурудың таралуына мал тасымалдау әсер етеді. Аталған екі аудан транзиттік бағытта орналасқан, яғни мал көршілес Ресей Федерациясынан әкелінеді. Аурудың алғашқы белгісі – жануарлардың ауыз қуысында жараның пайда болуы. Кейін сілекейі ағып, жем-шөптен бас тартады»,- деді Атырау облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Сайран Гуднан.

Алғашқы белгілері желтоқсанда байқалған. Осыдан кейін мамандар зерттеу жүргізіп, симптоматикалық ем бастаған.

Осыған дейін Исатай ауданында мал қырылып жатқанын жазған едік. Ол кезде шаруалар мал ауру емес аштан өліп жатыр, жем жетіспейді деп шағымданған. Жылқы қалың қар мен мұз астындағы шөпке жете алмай, қыстақта қырылған. Ал жем-шөп алуға қаржы бөлінбеген.

Кейін аймақ әкімдігі мал азығын тасымалдай бастаймыз деп уәде берді.

Сондай-ақ оқыңыз