Кіші Талдыкөлдің тағдырына алаңдаулы белсенділер әкімдікпен соттасып жатыр

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Белсенділер судьяны Кіші Талдыкөлге шақырды/фото: 2gis.kz

«SOS Taldykol» қоғамдық бірлестігі Астана әкімдігі Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасына қарсы сотқа талап-арыз берді. Мәселе Кіші Талдыкөлге қатысты болып отыр. Белсенділер көлдің сақталып қалған бөлігінде су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеуді сұрап отыр. Алайда әкімдік бұған дейін шыққан сот актілеріне және ресми қорытынды жасалмағанына сілтеп, бас тартқан. Бұл туралы «Otkir kurek» парақшасында жазылды.

Сот барысында экологтар судьяны Кіші Талдыкөлді өз көзімен көруге шақырды. Сол арқылы көлдің бар екенін, көлде су жатқанын көрсеткісі келеді. Судьяның сөзінше, бұған арнайы өтінішхат қажет.

Экологтардың айтуынша, 2024 жылы болған су тасқынынан кейін су деңгейі көтеріліп, кей су айдыны қалпына келген. Сондықтан көл су заңнамасы негізінде қорғалуға тиіс, ал құрылыс жүргізу мен көлді көміп тастау шектелуі қажет деп отыр. Мәселе № 5, № 6, № 8 и № 9 учаске жайында болған.

Әкімдік қызметкерлері 2022-2023 жылғы сот актілеріне сүйенген. Олардың сөзінше, су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу үшін өкілетті органның қорытындысы қажет. Сондай-ақ кей су айдынының қалпына келгенін растайтын ресми құжат жоқ.

Осылайша мемлекеттік органдардан ресми жауап алу үшін сот су ресурстары және ирригация, экология министрліктеріне ресми сауал жолдайтын болды.

Келесі сот отырысы 2026 жылдың 23 ақпанында өтеді.

Талдыкөл тағдыры

Айта кетейік, зерттеу нәтижесі бойынша көл шартты түрде тоғыз учаскеге бөлінген:

  • 1-2 учаске Үлкен Талдыкөл көліне жатады,
  • 3-9 учаске Кіші Талдыкөл көлдері тобына кіреді.

Кіші Талдыкөлдің су айдынының бір бөлігі (3, 4, 6 және 8-учаскелер) адам әрекетінің салдарынан қатты бұзылған. Бас жоспарға сәйкес бұл жерлер құрылысқа берілген.

Ал 1, 2-учаскелер (Үлкен Талдыкөл) және 5, 7, 9-учаскелер (Кіші Талдыкөл) сақталған.

Бұған дейін Талдыкөл аумағында экопарк салу жұмыстары 2026 жылы басталатыны айтылды. Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек негізгі жұмыс 2026 жылы жүргізіліп, нысандардың бір бөлігі 2027 жылға ауысуы мүмкін екенін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз