Теңіздегі мұнай өндірісі 23 ақпанда толық қуатына шықпақ

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Фото: gov.kz

Теңіз кен орнындағы мұнай өндірісі шамамен 60%-ға қалпына келді. 23 ақпанда толық қуатына шығуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Reuters жазады.

Агенттік дереккөздерінің хабарлауынша, 8 ақпанда Теңізде 550 мың баррель мұнай өндірілген. Болжам бойынша, егер толық қуатына шықса тәулігіне 120 мың тонна немесе 950 мың баррель мұнай өндіреді.

Ақпан айының алғашқы 8 күнінде мұнай өндіру көлемі орта есеппен тәулігіне 340 мың баррельге жетті, бұл қаңтардағы тәулігіне 234 мың баррельмен салыстырғанда жоғары, алайда өткен жылғы ең жоғары көрсеткішке әлі жеткен жоқ.

Дереккөз мәліметіне сәйкес, 1–8 ақпан аралығында Қазақстанда мұнай мен газ конденсатын өндірудің жалпы көлемі тәулігіне 1,6 млн баррельге дейін өсті, ал қаңтарда бұл көрсеткіш 1,27 млн баррель болған.

Теңіздегі өндіріс неге тоқтады?

18 қаңтар күні «Теңізшевройл» нысанындағы газ электр станциясында трансформатор өртеніп, «Теңіз» және «Королев» кен орындарында мұнай өндіру тоқтаған. Сарапшылар осының салдарынан Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы шикізат тасымалы қысқаруы мүмкін деген еді.

22 қаңтарда Энергетика министрлігі «Теңіз» кен орнындағы апатқа байланысты комиссия құрды.

26 қаңтарда кен орнындағы мұнай өндірісі қайта жанданды. Сол кезде мұнай өндірісі біртіндеп қалпына келеді деп түсіндірген.

Сондай-ақ оқыңыз