Chevron мен миллионер Сергей Кан Павлодарда жаңа зауыт салады

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: CDIF

Chevron Direct Investment Fund (CDIF) және қазақстандық Mineral Product International (MPI) компаниясы инвестициялық келісімге келді. Екі тарап бірігіп Павлодар облысында құны 23,5 млн доллар болатын өнеркәсіптік зауыт салмақшы. Бұл туралы CDIF компаниясынан хабарлайды.

Зауыт құрылысы басталса, кемінде 500 жұмыс орны ашылмақ. Кәсіпорын жылына 80 мың тонна FeSi-75 маркасындағы ферросилиций өндірмекші.

«MPI компаниясы үшін бұл маңызды жоба. Ол компанияның өндірісті күшейтіп, заманауи технологияларды қолдануға ұмтылып отырғанын көрсетеді», – деп атап өтті Mineral Product International акционері Сергей Кан.

Chevron Direct Investment Fund «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген. Бірақ тікелей Chevron корпорациясына тиесілі инвестициялық қор.

Бұл компания Қазақстандағы ең ірі мұнай-газ инвесторларының бірі. Жыл басында қазақ үкіметі мен Қарашығанақ акционерлері (оның ішінде Сhevron да бар) соттасып, екінші тарап жеңіліп қалған еді.

Осы даудан кейін Қарашығанақ акционерлерінің бірі, Shell ағылшын компаниясы, Қазақстанның мұнай-газ саласына инвестиция құюды уақытша тоқтататынын мәлімдеді. Бірақ Chevron серіктесімен салыстырғанда Астанамен әрі қарай да жұмыс істеуге ниетті тәрізді.

Сондай-ақ оқыңыз