Бұл жолы шетел мамандары жоқ – Тоқаев Конституция жобасы жайлы айтты

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Тоқаев Қазақстанның өтпелі кезеңге аяқ басқанын айтып, ел тағдырына әсер ететін ауқымды өзгерістер жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді.
Президент Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында Конституциялық реформаның маңызды тұстарына тоқталғанын атап өтті. Сөзінше, соңғы жарты жыл бойы қоғамда Конституцияға қатысты кең ауқымды пікірталас жүріп жатыр.
«Қоғамда кеше ғана емес, жарты жылдан бері Конституцияға қатысты жан-жақты пікір алмасу жүріп жатыр. Барлық ұсынысты жүйелеп, саралау үшін 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылды. Бұл – ауқымы жағынан да, кәсіби деңгейі тұрғысынан алып қарасақ та, еліміз үшін теңдесі жоқ комиссия. Осы жолы Комиссия құрамында шетел мамандары жоқ», – деді Тоқаев.
Айта кетейік, 1995 жылғы Конституция жобасын әзірлеу кезінде шетелдік заңгерлер кеңесші ретінде қатысқан деген деректер бар.
Еске салсақ, бүгін Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов президентке азаматтардың еңбекақысын көтеру жоспары туралы баяндады. Ал Президент Бектеновтің жұмысына «жақсы нәтиже» деп баға берді.