Тоқаев үш жыл қатарынан инфляцияны төмендетуге тапсырма берді

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: Ақорда

Үкімет үш жыл қатарынан инфляцияны төмендететін шаралар қабылдауы керек. Ол үшін министрлер кабинеті мен Ұлттық банк бірлесіп жұмыс істеуге тиіс. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Тоқаев осындай тапсырма берді.

Қажетсіз «жол карталары» керек емес

«Инфляцияны ойға қонымды, қалыпты деңгейге түсіру қажет. Оның шарықтап кетуіне жол бермеу керек. Инфляцияның не себепті жоғары болып тұрғаны белгілі, кеселдің себебі анықталды. Енді осы мәселені шешу керек. Бірақ ұсынылатын шаралар елдің дамуына кері әсерін тигізбеуі қажет. Дәл осы тұста түрлі пікір айтылып жатыр», – деді президент.

Ол үкімет пен Ұлттық банктің бірлесіп жұмыс істеуін екі рет баса айтып өтті. Олар бірігіп биылдан бастағанда үш жыл қатарынан инфляцияны төмендету үшін нақты шаралар қабылдауы керек.

«Мәселені шешудің орнына бос сөзді көбейтіп, қажетсіз «жол карталарын» әзірлеу – жауапкершіліктен қашу деген сөз. Алдын ала ескерту: ондай жағдайда қатаң шара қолданылады. Халықтың табысы артса ғана нақты нәтижеге қол жеткіздік деп санауға болады», – деп ескертті Тоқаев.

«Жасанды интеллектіні дамыту жай ұран емес»

Президент сөзіне ЖИ дамуына ерекше тоқталып, оны экономиканың негізіне айналдыру керек дегенді айтты.

«Жасанды интеллектіні дамыту, бұл – ұран емес, бұл экономикалық идеологияның негізгі тірегі, тіпті ұлттық идеологиямыздың мызғымас тұғыры болуға тиіс. Осындай жауапты сәтте дұрыс, батыл әрі тиімді шешімдерді дер кезінде қабылдау өте маңызды. Шынайы өмірге түк қатысы жоқ «құрғақ» ұсыныстар беру, қысқасы, нәтижесі жоқ іспен айналысу мүлдем болмауы қажет», – дейді президент.

Жасанды интеллект негізінде цифрландырудың бірнеше басты мақсаты бар деп түсіндірді Тоқаев. Ол арқылы еңбек өнімділігін арттыру, экономикада экспортқа бағытталған салаларды дамыту, қосылған құны жоғары өнім шығару және Қазақстанды жаһандық цифрлық экономикаға қосу қажет.

Осы жиынға елдегі ЖИ және цифрлы даму министрі Жаслан Мәдиев те қатысқан еді. Оның баяндамасын тыңдаған президент біраз сұрақтың астына алды. Отандық KazLLM бағдарламасы ChatGPT-ге қарағанда әлі де танымал емес екенін айтып, министр мәліметтерін тексеру қажеттігін айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз