Президент сұхбатын ықылас қойып оқымаған шенеуніктерге кеңес берді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Президент шенеуніктерге кеңес берді/фото: Асқар Ахметуллин

Президент үкіметтің кеңейтілген отырысында шенеуніктерге зейнетке шыққанда ойлау қабілетінен айырылып қалмау үшін құжаттарды мұқият оқуға кеңес берді.

Сөзінше, жазалаушы менталитеттен арылатын кез келді. Салық органдары мен салық төлеушілер арасында серіктестік және өзара сенім қағидаты орнығуға тиіс.

Сондай-ақ мемлекет пен бизнестің тиімді ықпалдастығын жолға қою керек. Мұндай серіктестік әділдікке, өзара тиімділікке, тіпті экономиканы дамытудың маңызын түсіну тұрғысынан алғанда жауапкершілікке құрылуы керек.

«Бұл жөнінде жақында «Turkistan» газетіне берген сұхбатымда айттым. Үкіметтің кейбір мүшелерімен әңгімеден ұққаным, оны бәрі бірдей ықылас қойып оқымаған секілді. Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысындағы сөзімді де толық түсінбегендеріңіз байқалады. Интернет ұзақ мәтіндерді оқудан алыстатты. Оның үстіне кітаптар мен мақалаларды оқымай-ақ, мазмұнын тыңдай салатын мүмкіндік пайда болды. Бірақ бұл мемлекеттік қызметкерлерге жараспайтын әдет. Оқу керек. Әйтпесе, зейнет жасына жеткен кезде, ойлану қабілетінен айырылып қаласыздар», – деді президент.

Бұған дейін Тоқаев Конституция жобасына тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға қатысты норманы енгізуді ұсынды. Айтуынша, қазіргі Конституцияда «Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді» деген ереже бар. Осы ережені «тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға» да сот шешімінсіз жол берілмейді деп толықтырған жөн.

Сондай-ақ оқыңыз