Астана биыл толық газбен қамтамасыз етілмек

Биыл Астана қаласы табиғи газға толықтай қол жеткізетін болады. Қала әкімдігі осылай уәде беріп отыр.
Қалалық энергетика басқармасы «Астана қаласын газдандыру. Құрылыстың III кезегі. «Чубары» тұрғын алабын газдандыру (1–5 іске қосу кешендері)» жобасының аяқталғаны туралы есеп берді.
OilgazKZ ақпаратына қарағанда, орташа қысымды 7,5 км жеткізуші газ құбыры, сондай-ақ төмен қысымды 31,3 км ішкі тарату желілері салынды. Нәтижесінде тұрғын алаптағы 890 үй табиғи газға қол жеткізді.
Бұған дейін әкімдік тарапынан 950 км газбен жабдықтау желілері салынған. Газға 13,8 мыңнан астам абонент қосылды. ТЭЦ-1 және ТЭЦ-2 нысандарындағы 16 қазандық газға ауыстырылды.
Жалпы қуаты 950 Гкал/сағатты құрайтын «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу стансалары салынды. Қуаты 620 Гкал/сағат болатын «Тельмана» газ жылу стансасының құрылысы жалғасып жатыр.
Осылайша, биыл «Астана қаласын газдандыру» жобасында көзделген барлық тұрғын алаптар мен энергия көздері табиғи газға қол жеткізбек.
Мұның алдында газ компаниясы салықтық тексеруге қарсы миллиард теңгелік сотты жеңіп алған еді.