Ұлттық жасанды интеллект платформасын қытайлық компания басқарады

Қазақстанда Ұлттық жасанды интеллект платформасы құрылады. Оны 01.AI атты қытайлық компания басқарады. Бұл туралы үкімет отырысында ЖИ министрі Жаслан Мәдиев айтты.
«Жасанды интеллектіні мемлекеттік және квазимемлекеттік секторларда дамытудағы келесі қадам әлемдік деңгейдегі мамандармен әріптестік орнату болмақ. Осы мақсатта 01.AI компаниясымен бірлескен кәсіпорын құру бастамасы қолдау тапты. Аталған бірлескен кәсіпорын наурыз айында құрылады. Бұл ұйым жасанды интеллект агенттері әзірленетін Ұлттық жасанды интеллект платформасының операторы болады», – деді министр жиында.
Мәдиевтің сөзінше, осы арқылы Қазақстан ЖИ-агент жасайтын озық технологияға қол жеткізеді.
01.AI – ЖИ саласындағы қытайлық компания. Оның негізін қалаушы Кай-Фу Ли бұған дейін Microsoft Research Asia‑ны басқарған және Google‑дың Қытайдағы бөлімін басқарып отырған.
Былтыр көктемде Кай-Фу Ли жеке тілдік модель құрастырудан бас тартып, толығымен қытайлық DeepSeek компаниясының ашық алгоритмдеріне өтетінін хабарлаған.
Бүгін үкімет отырысында отандық цифрлық өнімдер мәселесі сөз болған. Тоқаев отандық KazLLM бағдарламасына қазақстандықтар сенбей отырғанын айтып, Мәдиевті сұрақтың астына алған еді. Отандық Aitu мессенджерін 700 мың адам қолданатынына да сенбей, тексеру керек деді.