Түркістанда су тасқынынан көпір құлап, 29 адам қауіпті аймақтан шығарылды

Түркістан облысындағы демалыс орындарының бірінде табиғаттың тосын мінезінен оқшауланып қалған демалушылар аман-есен эвакуацияланды. Төтенше жағдайлар мамандары күшті ағысқа қарамастан, адамдарды қауіпсіз жерге жеткізді.
Ақпаратқа сүйенсек, Абай ауылының маңындағы Жаңақорған өзенінде су деңгейі кенеттен көтерілген. Нөсер жауынның салдарынан демалыс орнына апаратын жалғыз топырақ жолды су шайып кетіп, адамдар су қақпанында қалған. Жолдың қирауы салдарынан демалушылар өз бетінше қайта алмай, көмекке жүгінген.
Ауыл тұрғындарының ақпаратына сүйенсек, аймақта су арнасынан тасып, көпір қираған.
Оқиға орнына жедел жеткен ТЖМ құтқарушылары күрделі жағдайда жұмыс істеген. Өзен арнасындағы ағыстың қаттылығы мен жолдың мүлдем істен шыққан. Мамандар арнайы өткел ұйымдастырып, адамдарды қауіпті аймақтан бір-бірлеп алып шыққан.
Барлығы 29 адам құтқарылды, оның ішінде 8 бала бар.
«Құтқарушылардың үйлесімді әрі кәсіби іс-қимылының арқасында зардап шеккендер жоқ. Барлық эвакуацияланған азаматтар Түркістан қаласына аман-есен жеткізілді», — деп хабарлайды ведомство өкілдері.
Қуанышқа орай, медициналық көмекке ешкім жүгінген жоқ. Қазіргі уақытта тұрғындардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды ауа райының қолайсыздығы кезінде сақ болуға шақырды.