Михаил Шайдоров таза сырғанап, жүлдеден үміткер топқа кірді

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров қысқа бағдарламасын қатесіз орындап, бесінші орынға тұрақтады. Алматылық атлет Олимпиада жүлдесінен үміткерлер қатарында келе жатыр.
Италияда өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарында сейсенбі күні мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасында жарыс басталды. 11 ақпанға қараған түні мұз айдынына шыққан қазақстандық Михаил Шайдоров қысқа бағдарламасын өте жақсы орындады.
21 жастағы алматылық спортшы 4L+3T күрделі каскадын, сонымен бірге 4T және 3A ультра-си санатындағы секіру элементтерін қатесіз орындады. Төрешілер «Дюна» фильмінің саундтрегіне сырғанаған Михаилдың өнерін 92.94 ұпайға бағалады.
«Мен өте қатты қобалжыдым. Өйткені бұл – әлем чемпионаты емес, Олимпиада ойындары. Сондықтан психологиялық тұрғыдан оңай болған жоқ.
Бағдарламаны артық күш салмай, өз мүмкіндігіме сай, таза сырғанауды мақсат еттім. Нәтижесінде бәрі ойдағыдай болды», – дейді мәнерлеп сырғанаушы Қазақстан ҰОК баспасөз қызметіне.
Шайдоров қысқа бағдарламадан соң бесінші орында келе жатыр. Олимпиада жүлдегерлері еркін бағдарламадан кейін анықталады.
Әзірге бірінші орында америкалық Илья Малинин (108.16) тұр. Екінші орында жапон Юма Кагияма (103.07), ал үшінші орында француз Адам Сяо Хим Фа (102.55) келе жатыр. Айдын иесі Даниэль Грассль 93.46 ұпаймен төртінші орынға табан тіреді. Осылардан кейін тұрған Шайдоров жүлдеден күдер үзе қойған жоқ.
Жеңімпаз екі бағдарлама нәтижесінде анықталады. Еркін бағдарлама 13 ақпан, жұма күні Астана уақытымен 21:00-де басталады. Шайдоров ең соңғы – кіл мықтылар жиналған топта өнер көрсетеді.