Атыраулық анасының қайтыс болғанын растайтын құжатты алу үшін сабылып жүр

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Әйел 2026 жылдың қаңтарында қайтыс болған/фото: shutterstock

Атырау тұрғыны Жансая Әшім бірнеше аптадан бері анасының қайтыс болғаны туралы құжатты рәсімдей алмай жүр.

Қайғылы жағдай 2026 жылдың қаңтарында болған. Гипертония диангозы қойылған әйел үйдің алдында құлап қайтыс болған. Содан кейін туыстары жедел жәрдем мен полиция шақырған. Бұл туралы жергілікті «АқЖайық» басылымы жазды.

Оқиға болған күні жедел жәрдем қызметкерлері әйелдің өлгенін тіркеген, құжаттар рәсімделгенге дейін мәйітті үйде қалдырған.

«Бірден жедел жәрдем мен полицияға хабарластық. Қызметкерлер келіп, өлімді тіркеді. Мәйітті үйде қалдырды», – дейді Жансая.

Қалалық полиция бөлімі ақпаратты растап, туыстарына өлім тіркелгені туралы анықтама берген. Алайда отбасы әлі күнге дейін қайтыс болғаны туралы куәлікті ала алмай отыр.

Жансаяның айтуынша, №3 қалалық емхана медициналық өлім туралы куәлік беруден бас тартқан. Әйел ол мекемеде тіркеуде тұрмағанына сүйенген. Ал қыз анасының дәрігерлер бақылауында болғанын және созылмалы ауруы бар екенін айтады.

Айта кетейік, полиция тек өлім фактісін тіркейді. ХҚКО-дан қайтыс болғаны туралы куәлік алу үшін дәрігерлер беретін өлім себебі көрсетілген медициналық құжат қажет.

Сондай-ақ оқыңыз