
Үкіметтің 10 ақпандағы кеңейтілген отырысында Aitu мессенджері сөз болды. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев отандық өнімді 700 мың адам пайдаланады десе, оған күмәнданған президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәліметтің дәлдігін тексеруді тапсырды.
Мәдиевтің мемге айналған күмәнді мәліметі
«Менің байқауымша, үкімет отандық Aitu мессенджеріне тиісті деңгейде көңіл бөлмей отыр. Тіпті оны мемлекеттік қызметкерлер де пайдаланбайды«, – деп сынаған мемлекет басшысы. Оны Ақорда таратқан.
Үкіметте көтерілген мәселе әлеуметтік желілерде талқыланып, министр Мәдиев мәліметі бірден әшкере болып қалды. Мәселен, бизнес сарапшы Алмас Қасымжанов App Store-да Aitu қосымшасы бір айда шамамен 10 мың, ал Google Play-де 5 мың рет жүктелгенін анықтады. Оның айтуынша, пікір қалдырғандардың 71%-ы отандық өнімді теріс бағалаған.
Интернет кеңістігінде мессенджердің 700 мың қолданушысы туралы мемдер көбейді.
Естеріңізде болса, шамамен бір ай бұрын Мәдиев министрлігі 1 млн азамат жасанды интеллект бойынша оқудан өткені туралы есеп жариялаған.
Қоғам қызу талқылаған Aitu кімге тиесілі
Бұл уақытта журналист Дмитрий Шишкин жоғары деңгейде сөз болған мессенджер иесі туралы зерттеу жүргізіп, Shishkin_like телеграм-арнасына жариялады.
Мессенджер ғана емес, ойын-сауық, кино және музыка сияқты қызметтерді қамтитын Aitu қосымшасы BTS Digital компаниясына тиесілі. Ол 2018 жылы Астанада тіркелген. Бағдарламалық қамтамасыз етумен айналысатын компания 8,6 млрд теңге салық төлеген.
Оның құрылтайшысы – Phoenix Fund Limited Partnership шектеулі серіктестігі. Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген. Компания үлескерлері мыналар:
- «Қазақтелеком» АҚ;
- ERG Investments Projects B.V. – Еуразиялық топқа кіретін, Нидерландта тіркелген компания;
- Кәсіпкер Олжас Үкенов («Digital Opportunities I Limited» жеке компаниясы арқылы).
Соңғысы кезінде «Казкоммерцбанктің» несие бөлімшесін, «ҚазАгро», «Зерде» ұлттық холдингтерінде қаржы басқармаларын басқарған.
2025 жылы BTS Digital-дің «Ұлттық ақпараттық технологиялармен» бірлескен еншілес компаниясы пайда болды: Qaztech LTD негізінен бағдарламалық өнімдерді пайдалануға берумен айналысады. Былтырдан бері бюджетке шамамен 60 млн теңге төлеген.
Құрылтайшының еншілес компаниялары
Phoenix Fund Limited Partnership-тің басқа да еншілес компаниялары бар. Олар: «Aitu – төлем шешімдері» (қаржы қызметтері), «Умные г.» (қосымшалар мен қолданбалы бағдарламалар орналастыру) және Salem Social Media. Соңғысы фильмдер мен сериалдар түсірумен айналысады («5:32», «Пацанские истории», «Сержан Братан»).
Еншілес компаниялардың бір жылдағы салық төлемі – шамамен 1 млрд теңге.
Шишкин BTS Digital-дың мемлекеттік сатып алуына да назар аударып, жалпы сомасы 11,5 млрд теңге болатын 20 келісімшартты анықтады. Олардың көбі 2024-2025 жылдары жасалған.
Компания соның ішінде қомақты қаражатты – 7 млрд теңгені «Қазақтелекомнан» мамандармен қамтамасыз ету қызметі үшін алған.
Бұдан бөлек, тапсырыс берушілер арасында «Кселл», «Қазатомөнеркәсіпке» еншілес «Kap Technology», сонымен бірге Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығы да бар.