ҚМДБ 2026 жылғы пітір садақа мөлшерін белгіледі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) 2026 жылғы пітір садақа мөлшерін бекітті. Бұл туралы бүгін, 11 ақпанда елордада Рамазан айына орай өткен Төралқа мәжілісінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлім етті.
ҚМДБ мәліметінше, биыл пітір садақа мөлшері 735 теңге болып бекітілді.
Сондай-ақ мүфтият Рамазан айы 2026 жылдың 19 ақпанында басталатынын ресми жариялады.
«Біз Түркі мемлекеттері ұйымына қарасты Мүфтилер алқасы жанындағы пәтуа кеңесінің және ғылыми зерттеулер нәтижесін ескеріп, ортақ шешім қабылдадық. Биыл Рамазан айы 19 ақпанда басталады. Ал наурыздың 16-нан 17-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 20 наурыз – ораза айт мерекесі», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Қарыз оразаны қалай ұстау керек
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) қарыз оразаны өтеу тәртібіне қатысты түсіндірме жариялады. ҚМДБ мәліметінше, егер адам өткен Рамазан айында белгілі бір себептермен (ауру, жолда болу және басқа да себептер) ораза ұстай алмаса, сол күндердің қазасын өтеуі тиіс. Қаза ораза бөлек ниетпен ұсталады және оны Рамазан оразасымен қосып ұстауға болмайды.
Ханафи мәзһабы бойынша, өткен оразадан қалған қарыз күндерді келесі Рамазан айына дейін өтеу міндетті шарт емес.