Конституция жобасын республикалық референдумға шығару ұсынылды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Әзімова комиссия жұмысын президентке баяндайды/фото: Конституциялық сот

Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова Ата заң жобасын республикалық референдумға шығаруды ұсынды.

«Комиссия мүшелерінің басым бөлігі жаңа Конституция жобасын республикалық референдумға шығаруды қолдады. Комиссия президент жанындағы консультативтік орган болғандықтан көпшілік пікірін ескеріп, мемлекет басшысына пысықталған жаңа Конституция жобасын республикалық референдумға шығаруды ұсыну қажет деп санаймын», – деді Әзімова.

Сөзінше, президент республикалық референдум өткізу туралы шешім қабылдаған жағдайда Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия миссиясы орындалды деп саналады. Алайда жұмыс әрі қарай да жалғасады.

«Комиссия мүшелері жұмысын әрі қарай жалғастырады. Халықпен кездеседі. Жаңа Ата заң әділет, тұрақтылық, қоғам сенімінің негізіне айналуға тиіс», – деді ол Әзімова Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия отырысында.

Осылайша жаңа Ата заң жобасы Конституциялық соттың ресми парақшаларында жарияланады.

Партия жетекшілері не деді

Комиссия отырысында «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев ата заң жобасын бүкілхалықтық референдумға шығаруды қолдады.

«…Тұтастай алғанда осы Конституция жобасы – өз көзқарасымыз, сондай-ақ «Ақ жол» демократиялық партиясы қорғайтын қағидаттар мен мүдделерге, ұлттық бизнес пен отандық кәсіпкерлер түріндегі сайлаушыларымыздың еркіне сай келетін құжат. Елімізге жай ғана инвестиция емес, ең озық технологияларды әкелуге мүмкіндік беретін «жедел дамитын қалаларға» ерекше мәртебе беру мүмкіндігін аса маңызды деп санаймыз», – деді Перуашев.

Respublica партиясы фракциясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров жоба институционалдық сабақтастықты қамтамасыз етеді деп санайды.

«Ұсынылып отырған Конституция жобасы дайын үлгілердің көшірмесі емес. Иә, біз халықаралық тәжірибені зерделеп, кәсіби қауымдастықпен кеңестік. Алайда түпкілікті мәтін – дербес таңдауымыздың нәтижесі. Ол біздің қоғамның құндылық негіздерін бейнелейді, тарихи сабақтастықты сақтайды әрі жаңа сын-қатерлерді ескереді», – деді Қожаназаров.

Қазақстан халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов заң жобасында табиғатқа ұқыпты қарау және азаматтардың жоғары экологиялық мәдениетін қалыптастыру қағидалары бекітілгеніне назар аударды.

«Жаңа Конституциядағы институционалдық өзгерістер – бірпалаталы парламент құру, жоғары консультативтік орган «Халық кеңесін» жасақтау, вице-президент лауазымын енгізу, сондай-ақ өзге де түбегейлі жаңашылдықтар жаңа бағдарды айқындайды. Мемлекет тек процестерді басқаруға ғана емес, азаматтарға қызмет етуге негізделіп құрылады», – деді Магеррамов.

Бұған дейін мәжіліс депутаты Айдос Сарым Конституция жобасына ой қосқандарға алғыс хат беруді ұсынды.

Сондай-ақ оқыңыз