«Біз қателестік»: Отандық тұңғыш unicorn Higgsfield айыптауға жауап берді

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Нарықтық құны 1 млрд доллардан асып, отандық стартаптар ішінде тұңғыш рет unicorn атанған Higgsfield-тің басы дауға қалды. Танымал IT-маман Анил Матча компанияның жұмысына талдау жасап, үлкен мақала жариялаған.

Мәселенің мән-жайы

Матча Higgsfield компания құнын жасанды түрде өсірді, басқа компаниялардың моделін ұрлап, өздеріне пайдаланды деп айыптайды. Мәселен, мереке қарсаңында компания қолданушыларына 80%-ға дейін жеңілдік берген, кейбір тарифті жыл бойына «шексіз» пайдалануға рұқсат етеді. Яғни клиенттер бірнеше генерацияны пайдаланыпы, түрлі видеолар жасай береді. Мыңдаған авторлар Higgsfield жазылымын жаппай сатып ала бастайды, нәтижесінде компания аз уақытта unicorn статусына дейін көтерілді. Бұл жерде платформа иелері жасанды тапшылық (FOMO) және «казино психологиясын» пайдаланды дейді Анил Матча. Яғни компания кезең-кезеңімен органикалық түрде өспеген, тек маркетинг құралдарын пайдалану арқасында ғана капиталы күрт көбейген.

Анил Матчаның тағы бір айыбы – Higgsfield басқа компаниялардың алгоритмдерін алып, өзінің қызметі ретінде көрсеткен.

Мәселен ең үздік бейнеәсерлер мен кадр ауысатын сәттер Kling 2.5 Turbo алгоритмінде, камераны басқару құралдары MinimaxHailuo2.3 моделінде жұмыс істеген. Envato Elements мен Jitter.video платформаларының да үлгілерін өзінікі тәрізді көрсеткен. Ал Higgsfield өзі шығарған модельдер сәтсіз болды, тіпті төмен сападағы контент ұсынды дейді Матча.

Маманның сөзінше, компания платформасына енгізілген модельдер қолданушылар ақы төлемей-ақ тегін немесе әлдеқайда арзан бағада пайдалана алады.

«Біз айыбымызды мойындаймыз»

Бұл айыптау стартап нарығындағы үлкен дауға айналды. Материал жарияланғаннан кейін біраз уақыт өткен соң компания негізін қалаушылардың бірі Алекс Машрабов әлеуметтік желі үлкен жазба жариялады. Онда Higgsfield-тің ішкі процестерді, PR-стратегия мен коммуникация құруда біраз қателік жасағанын мойындады.

«Жылдам өскен сайын тәуекел де күшейе түседі. Біздің ішкі процесстеріміз бен сыртқы коммуникациямыз құндылықтарымызға сай болмағанын мойындаймыз. Бұл үшін толық жауапкершілікті өз мойнымызға алып, бағытымызды айқындаймыз», – деп жазады Машрабов.

Сондай-ақ компания қолданушыларына да хат жолдаған. Ол жерде компания атына айтылған айыптаулар толығымен рас емес екенін, бірақ ішінара қателіктері болғанын растайды.

«Ол айыптаулардың көпшілігі тым әсірелеп жіберген, ескірген немесе жалған. Дегенмен шындықтың да үлесі бар, соңғы үш ай біз оны өзгерту үшін белсенді жұмыс істеп жатырмыз», – деп жазылған мәлімдемеде.

Кейбір сарапшылардың сөзінше, бұл жағдайдан кейін стартапқа қаржы тарту қиындауы мүмкін.

Қаңтардың соңында стартап құны 4 млрд долларға жақындап, жарты жыл ішінде 200 млн доллар тартқан еді.

Higgsfield – отандық стартаптар нарығына бум әкелген кейс болды. Оның платформасында сұрауыңызға қарай түрлі видеолар дайындауға болады. Жыл басында компания иесі Ерзат Дулатты Ақордаға шақырып, Тоқаев кездескен.

Сондай-ақ оқыңыз