Депутат Әбенов саяси бетбұрыс қарсаңында «ту өртеген» әкімдікті сынады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
депутат Мұрат Әбенов пен Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов
Депутат өңір әңімдігін «қылмыскерлерді жасырды» деп айыптады / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов конституциялық референдум секілді маңызды саяси оқиға қарсаңында «ту өртеген» Павлодар облысының әкімдігін сынады.

Осы аптада әлеуметтік желіде бір топ адам көк туды өртеп, елбаңбаны бөлшектеген видео тарады. Артынша көпшіліктің сынына ұшырап үлгерген осы оқиға 5 ақпанда Павлодар қаласындағы орта мектептердің бірінде болғаны анықталды.

Білім мекемесінің комиссиясы «талапқа сай емес заттарды» осындай әдіспен жойған. Алайда көпшілік оны қасақана жасалған арандатушылық әрекет деп түсініп қалды.

Әкім Асайын Баханов басқаратын өңір билігі мектеп басшылығын жазалағанымен, келеңсіз жайт парламентке дейін жетіпті. Мәселен, депутат Әбенов осы оқиғаны «көпшіліктің көзінде мемлекеттік рәміздерді қорлау» деп қабылдаған.

«Павлодар облысы әкімдігіндегілер, сендер ана жақта немен айналысып жүрсіңдер? Маңызды саяси оқиға қарсаңында ту өртеп, елтаңбаны балғамен қиратып жатсыңдар», – деп сынады Әбенов.

Депутаттың пікірінше, ту түсі өңіп, тігісі қисық болғаны «мемлекеттік рәміздерді бұлайша қорлауға» себеп болмауға тиіс.

Бұған қоса, парламенттің төменгі палатасының өкілі әкімдік пен прокуратура «қылмыскерлерді жасырып отыр ма?» деген сауал тастады.

«Осындай акция ұйымдастырған мемлекеттік мекеменің сөгіспен құтылғанын басқа қалай бағалауға болады? Мұнда қылмыс белгісі анық көрініп тұр», – деп жазды депутат әлеуметтік желіге.

Содан кейін Әбенов мемлекеттік рәміздерді (ту, елтаңба, әнұран) қорлағандар екі жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін екенін ескертіп өтті.

Сондай-ақ оқыңыз