Ең ірі астероид Жерге жақындап келеді

Көлемі шамамен 1 шақырымға жуық 162882 (2001 FD58) астероид 14 ақпанда Жерден бірнеше миллион шақырым қашықтықта ұшып өтеді.
Мамандардың бағалауынша, нысанның өлшемі 0,5 пен 1 шақырым аралығында. Ол соңғы бір жыл ішінде Жерді айнала қоршаған 7,5 млн шақырым радиустағы аймақтан өтетін ең ірі астероид саналады.
XRAS ақпаратына қарағанда, мұндай аймаққа кіретін ғарыш денелері қауіпті нысандар қатарына жатады.
Бұған қарамастан, бұл астероид Жер үшін нақты қауіп төндірмейді және тек көлемінің ірілігімен ерекшеленеді. Ғалымдар оның планетамен соқтығысу ықтималдығы нөлге тең екенін айтады.
Еуропалық ғарыш агенттігінің бағалауынша, Жерге құлау ықтималдығы нөлден жоғары деп есептелетін ең жақын ірі нысан – көлемі шамамен 1 шақырым болатын 2017 SH33 астероиды. Есептеулерге сәйкес, оның биыл 30 сәуірде Жерге құлау мүмкіндігі шамамен 150 миллионның біріне тең.
Ал қазіргі деректер бойынша, алдағы кезеңде Жермен соқтығысу ықтималдығы салыстырмалы түрде жоғары болып есептелінетін нысан – 2013 TP4 астероиды. Оның көлемі – 10 метр. 2026 жылдың 1 қазанында Жерге құлау ықтималдығы шамамен 45 мыңның біріне тең. Алайда уақыт жақындаған сайын бұл көрсеткіштің төмендеуі ықтимал.
Бұған дейін де 2032 жылы Жерге астероид соқтығысуы мүмкін екенін жазғанбыз.