«Екіге оқитын оқушы сияқтысыз»: Жаңбыршин мұнай компаниясы басшыларын «сойып салды»

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Скринсурет желіден

Мәжілісте Қазақстанның мұнайын өндіріп, содан пайда тауып отырған мұнай компанияларының Қазақстан тауарларын қаншалықты алып жатқаны жөнінде отырыс өтіп жатыр.

Отырыс барысында «PetroCouncil», «PetroMining», «Buzachi Operating Ltd», «СНПС-Актобемунайгаз» АҚ, «Матен Петролеум» АҚ, «КоЖаН» АҚ сияқты компаниялар басшыларының баяндамасы тыңдалды. Алайда олардың бірде-бірі көпжылдық келісімшарттарын көрсете алмай, депутаттардың сынына ұшырады.

Отырыста төрағалық еткен депутат Еділ Жаңбыршин Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік мұнай компаниялары басшыларын қатаң сынға алды. Оның айтуынша, ірі компаниялар отандық өндірушілерді қолдамай, жабдықтарды Қытайдан сатып алып, қаржыны шетелге шығарып отыр.

«Барлық ақша шетелге шығарылып жатыр. Құрал-жабдықтарды Қытайдан сатып аласыздар. Тіпті қыздыратын пешке дейін әкелінеді. Неге мұнда депутаттарды алдап отырсыздар? Егер Қазақстанға келген болсаңыздар, нақты есеп беруіңіз керек. Көпжылдық келісімшарттарыңыз қайда? Отандық тауар өндірушілерге қалай көмектесіп отырсыздар?», – деп сұрады Жаңбыршин.

Отырыста «Матен Петролеум» АҚ бас директоры Лю Цзиньчэн бұл бағытта алты келісімшарт барын айтқанымен, оның қандай келісімдер екенін атай алмай, орынбасарына жалтақтай берді.

«Бар болғаны алты келісімшарт. Бірақ сіздер жауап бере алмай отырсыздар. Кешіріңіз, бірақ екілік алатын оқушыларға ұқсайсыздар. Бас директор ретінде кіммен, қандай өнім бойынша және қандай сомаға келісім жасалғанын нақты білуге тиіссіз», – деп Жаңбыршин компания басшысына қатаң ескерту жасады.

Айта кетейік, жақында Үкімет басшысы Олжас Бектенов Қазақстандағы шетелдік ірі мұнай компанияларына айыппұлды доллармен төлету «құқықтық табиғатқа» сай келмейтінін мәлім еткен еді.

Сондай-ақ оқыңыз