FlyArystan-ның қол жүгіне ақы белгілеу тәртібі тексеріліп жатыр

FlyArystan әуе компаниясының ұшаққа отыратын жолаушы қол жүгінің артық мөлшеріне ақы белгілеу тәртібі тексеріліп жатыр. Монополиямен күресетін мекеме компания әрекеті тұтынушылар құқығын шектейді деп есептейді.
Air Astana-ға қарасты лоукостерге қатысты тергеу жүріп жатқаны 12 ақпанда Алматыда өткен брифингте мәлім болды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қалалық басқармасының басшысы Нұржан Нұрланұлының айтуынша, мекеме FlyArystan артық мөлшер үшін өте қымбат ақы алғанын анықтаған.
«Мәселен, жүк мөлшері 1 кг асқан адам мен 5 кг асқан жолаушы бірдей ақы төлеуге мәжбүр болған», – дейді шенеунік.
Агенттік мұндай жағдай әуе компаниясы қызметіне жүгінген азаматтар құқығын шектеу деп есептейді.
«Нарықта нақты артық салмаққа қарай сараланған төлем тәжірибесі бар екенін көріп отырмыз. Бұл тәсілден бас тарту, біздің ойымызша, тұтынушылар құқықтарын шектейді. Сондықтан әуе компаниясына қатысты тергеу басталды», – деді Нұрланұлы.
Kursiv.Media FlyArystan әуе компаниясының баспасөз қызметіне хабарласып, монополиямен күрес агенттігінің талабына қатысты сауал жолдады.