«Бәріне жел кінәлі»: министр түтінге тұншыққан Өскемен жайлы

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: f16.kz

Өскеменде ауаның күрт ластануына өндіріс орындары емес, желдің соқпауы себеп болды. Қаланы басқан қалың түтінді Экология министрі Ерлан Нысанбаев осылай түсіндірді.

Министрдің айтуынша, кейінгі күндері жел болмағандықтан, атмосферадағы зиянды заттар таралмай, қала үстінде жиналып қалған.

«Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар себеп болып отыр. Бірнеше күн бойы желсіз, тынық ауа райы болды. Тіпті зауыттар болмаған күннің өзінде де, жел соқпаса, ластану бірден байқалады. Қалада көлік көп болғандықтан да ауа сапасы нашарлай береді», – дейді Ерлан Нысанбаев.

Сонымен бірге министр жыл сайын зиянды шығарындылар көлемі азайып келе жатқанын атап өтті. Сөзінше, экологиялық ахуалды түбегейлі жақсарту үшін уақыт қажет. Сонымен қатар ол алдағы бес-он жыл ішінде ауасы ластанған қалалардағы жағдай біртіндеп оңалатынын да айтты.

Бұған дейін 1 ақпанда Өскемен қаласының барлық мектебінде қою түтінге байланысты сабақтар тоқтатылғанын жазғанбыз. Өскемен тұрғындары соңғы күндері қала үстін қалың түтін басып, ауа сапасының нашарлағанына шағымданып келеді.

Тұрғындардың шағымынан кейін Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің экология департаменті тексеру жүргізген. Әкімдік ауа сапасына көліктер, өнеркәсіптік кәсіпорындар және от жағып отырған жеке тұрғын үй секторы әсер етеді деп мәлімдеген еді. 

Сондай-ақ оқыңыз