Алматыда бір күнде 60 донор қан тапсырды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Бұл күні 95 адам қатысып, міндетті медициналық тексеруден кейін олардың 60-ы қан тапсыруға жіберілді / фото: gov.kz
Бұл күні 95 адам қатысып, міндетті медициналық тексеруден кейін олардың 60-ы қан тапсыруға жіберілді / фото: gov.kz

Алматы қалалық кардиологиялық орталығында Республикалық қан орталығымен бірлесіп ауқымды Донор күні ұйымдастырылды.

Акция Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі бастамашы болған «Донор бол және үміт сыйла» республикалық эстафетасы аясында өткен.

Министрліктің ақпаратынша, іс-шара ауқымы жағынан бұрын-соңды болмаған деңгейде өткен.  Бұған дейін орталық базасында көшпелі донорлық акциялар өткізілмеген. Бұл күні 95 адам қатысып, міндетті медициналық тексеруден кейін олардың 60-ы қан тапсыруға жіберілді.

Донорлар саны бойынша бұл Алматыдағы осындай корпоративтік бастамалардың ең жоғары көрсеткіштерінің бірі болды.

«Біз донорлық қан мен оның компоненттерінің негізгі тұтынушыларының біріміз. Біздің пациенттер үшін әрбір донация – өмірге берілген нақты мүмкіндік. Сол мүмкіндікті бірге сыйлайық», – деп атап өтті орталық директоры Ермағамбет Қуатбаев.

Донор күні барысында 27 мың миллилитр (27 литр) донорлық қан және оның компоненттері дайындалды. Бұл көлем орталық пациенттерін өмірлік маңызды трансфузиялармен қамтамасыз етіп, ауыр хәлдегі ондаған адамға көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Орталық күн сайын инфаркт алған, ауыр жүрек-қан тамыр ауруларымен және операциядан кейінгі асқынулармен түскен пациенттерге жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетеді.

Министр Әлназарова донор болып, ақпанды қан тапсыру айы деп жариялаған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз