Жамбыл мен Түркістанда жол қозғалысы шектелді

Ауа райы бұзылуына байланысты Жамбыл мен Түркістанда тағы да жол қозғалысы шектелді. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» хабарлады.
«2026 жылғы 12 ақпан сағат 13:00-ден бастап ауа райының нашарлауына байланысты барлық көлік түрінің қозғалысына уақытша шектеу енгізілді», – деп жазылған хабарламада.
Түркістанда Жамбыл облысының шекарасы мен Машат кенті аралығындағы жол учаскесі жабылды.
Ал Жамбыл өңіріндегі шектеу «РФ шекарасы – Мәртөк – Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – ҚХР шекарасы» автожолының 534-593 шақырым аралығында (Айша бибі ауылы – Түркістан облысының шекарасы) енгізілді.
Жабылған учаскелер 13 ақпан сағат 10:00-ден кейін ашылуы мүмкін.
Мамандар ауа райы бұзылған кезде алыс жолға шықпауға кеңес береді. Күні кеше ғана Ақтөбеде көктайғақ кесірінен 11 көлік соқтығысты.