Рамазан айында интимдік қызметтерге сұраныс төмендейді

Қазақстанда қасиетті Рамазан айы кезінде интимдік қызметтерге деген қызығушылық азаяды.
Бұл туралы Kursiv LifeStyle Google іздеу жүйесінің деректеріне сүйене отырып хабарлады.
Сарапшы Нұрасыл Абразақұлының айтуынша, Google Trends мәліметтері Рамазан айында ел тұрғындарының интимдік қызметтерге қатысты іздеу сұраныстары төмендейтінін көрсетеді. Мұны Kyzdar.net сайтына қатысты іздеу динамикасынан байқауға болады.
Сарапшы «намаз» және «кыздар нет» деген іздеу сұраныстарын салыстырған. Нәтижесінде Рамазан айы басталар алдында «намаз» сөзі бойынша іздеу саны айтарлықтай артатыны анықталған.
Ал ораза басталар алдында және оның барысында интимдік қызметтерге қатысты сұраныс төмендейді. Ораза айт мейрамынан кейін сұраныс қайта өседі. Осындай үрдіс Құрбан айт кезінде де байқалады.
Айта кетейік, тек 2024 жылдың өзінде Kyzdar.net сайты 259 рет бұғатталған. Алайда интимдік қызметтер туралы хабарландырулар жарияланатын ресурс домен атауларын жиі өзгерту арқылы жұмысын жалғастырып келеді. Мамандар мұны сайттардың шетелдік хостингтерде орналасуымен байланыстырады.
Мұның алдында Сенатор Марат Қожаев интимдік қызметтер ұсынатын «Kyzdar.net» сайты неліктен әлі күнге дейін бұғатталмағаны жөніндегі сұраққа жауап берді.