Ауызашарға құрма сатып алғанда неге мән беру керек

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
құрма, құрманы қалай таңдау керек
фото: shutterstock

Ораза кезінде ең көп тұтынатын жеміс – құрма. Ол – табиғи энергия көзі, калориясы өте жоғары. Ауызды да ең әуелі құрмамен ашуға кеңес етіледі. Күнұзақ аш жүрген адам тамақтанғанда ағзасын бірден «шошытпайды», ас қорыту жүйесін тамаққа дайындайды. Рамазан айында құрманың саудасы да жақсы жүреді. Оның дәмдісін, сапалысын қалай таңдау керек? Бірнеше кеңес ұсынамыз.

Құрманың қандай түрлері бар

Құрма темір, магний, цинк, марганец, калий, кальций мен А, С, В витаминдеріне бай. 100 грамм құрмада 274 ккал бар, тәттінің орнын жақсы алмастыра алады. Әлемде 1500-нан аса түрі бар. Бірақ тұрмыста оның 8-10 түрі ерекше танымал, саудасы да өтеді.

Патша құрмасы немесе Меджүл

фото: ашық дереккөзден

Меджүл құрмалардың патшасы деп саналады. Көлемі үлкен, жұмсақ, тәтті дәмі бар. Израиль, Иордания, АҚШ-та өсіріледі. Кептірілгеннен кейін де көлемі аса қатты өзгермейді.

Мазафати

фото: ашық дереккөзден

Мазафати құрмасы Меджүлге қарағанда кішірек, бірақ жұмсақ, өте тәтті. Түсі қара-қоңыр, қызғылтым, сырты жылтыр. Күнделікті жегенге ыңғайлы, асқазанға жеңіл, балаларға да бола береді. Бұл құрманы мүмкіндігінше тоңазытқышта сақтау керек.

Ажуа

фото: ашық дереккөз

Ажуа исламдағы ерекше құрма деп саналады. Оны Пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) ұнатқан, сүннетке кіретін құрма. Бұл құрма тек Сауд Арабиясында, Мединада өседі. Сондықтан өте бағалы әрі қымбат. Өте таза, түсі қара, ұсақ, тәттілігі де төмен.

Деглет Нур

фото: ашық дереккөз

Деглет Нур құрмалар арасындағы ең қолжетімді, бағасы арзан деп саналады. Тунис пен Алжирде өседі, ең көп экспортталатын құрма сорты. Жартылай құрғақ, тым тәтті емес, түсі ашық. Ұзақ сақталады, тасымалдауға ыңғайлы болғандықтан дүкендерде де жиі сатылады.

Құрманы қалай таңдау керек

Ең басты нәрсе – құрамы. Қораптың сыртында тек құрма деген бір-ақ сөз болу керек. Glucose syrup, sugar, sucrose, E-сериялы қоспалар деген сияқты сөздер болса, онда сатып алмаған дұрыс.

  • Табиғи құрманың сырты күңгірт, тіпті аздап құрғақ болады. Егер жылтырап, жабысқақ болып тұрса, онда сироп жағылған болуы мүмкін. Тіпті кей өндірушілер май да жағады. Ондай кезде құрманың құрамындағы қант мөлшері де арта түседі, қарынды тез аштырады.
  • Қабығы жыртылмаған, бүлінбеген болуы тиіс. Егер ақ ұнтақ сияқты байқасаңыз, ол қант кристалы, тым қанттанып кеткен құрманы да алмай-ақ қойған дұрыс.
  • Мүмкіндігінше сүйегі бар құрма таңдаңыз. Оларды барынша аз өңдейді және құрамындағы пайдалы заттарын көбірек сақтайды.
  • Иісі жеңіл, тәтті болады. Бөгде иіс шығып тұрса, көгерген тұсы болса, пайдаланбаңыз. Қорап ішіндегі бір құрма көгеріп, бүлінсе, міндетті түрде басқаларға да әсер етеді.
  • Базардан сатып алған құрманы міндетті түрде жуып, кептіріп барып қана жеңіз. Кейінірек жабық ыдысқа салып, тоңазытқышта сақтауға болады.

Оразаға ең дұрысы ажуа, деглет нур, мазафати тәрізді тәттілігі орташа, қоспасыз құрмалар.

Айта кетейік, осы жылдың он тоғызыншы ақпанында Рамазан айы басталады. Өз қалаңыз бойынша ораза кестесін мына жерден көре аласыз.

Сондай-ақ оқыңыз