Астанада медициналық авиация қызметкерлері жалақыны көтеруді талап етті

Астанада медициналық авиация қызметкерлері жалақыны көтеруді талап етті. Шамамен 20 шақты қызметкер еңбек жағдайын жақсарту және жалақыны арттыру мәселесін көтерген.
Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрлігінің «Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы» 2011 жылдан бері жұмыс істейді. Мамандар өңірлерден пациенттерді Астана және Алматыдағы клиникаларға тасымалдайды. Орталықта дәрігер, фельдшер, санитарларды қосқанда жалпы 57 адам жұмыс істейді.
Мамандар базынасын айтты
Медицина қызметкерлерінің айтуынша, коронавирус пандемиясы кезінде олардың жалақысы 20-30%-ға артқан, қазір олар орта есеппен 300-350 мың теңге алады. Алайда қызметкерлердің сөзінше, төлем жиі кешіктіріледі, ал жұмыс жүктемесі нормадан асып түседі. Nege.kz сайтының жазуынша, жиналғандар жалақыны кемінде 20-30%-ға арттыруды, сондай-ақ жеңілдіктер мен арнайы мәртебе беруді талап етіп отыр.
Орталық жауабы
Орталықтың хабарлауынша, күн сайын диспетчерлік қызметке шамамен 10 өтінім түседі. Астана мен Алматыдан санитарлық авиация желісінің мобильді бригадалары тәулігіне орта есеппен 1-2 рет ұшады.
«Қазір медициналық авиация мобильді бригадасы дәрігерінің орташа жалақысы 800-900 мың теңгені, мобильді бригада фельдшерінің жалақысы 410-480 мың теңгені, шақыртуды қабылдайтын фельдшер-диспетчердің жалақысы 350-400 мың теңгені, санитарлардың жалақысы 300 мың теңгені құрайды», – деп хабарлады Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы.
Мекеме мұның күніне 15 шақыртуға баратын жедел жәрдем қызметкерлерінің жалақысынан жоғары екеніне назар аударған.