Үйін жинауға барған әйелді өлтіріп, денесін қоқысқа тастаған оқушының жазасы ауырлады

Шымкент қалалық соты үйін жинауға келген Диана Оңғарбаеваның бірнеше жерінен пышақтап, денесін қоқыс жәшігінің жанына тастаған оқушыға қатысты үкімді өзгертті.
Сот 17 жастағы Асан Анарды «Адам өлтіру» және «Ұрлық» бабымен кінәлі деп танып, жазасын 1 жылға ұзартуға, яғни 8 жыл 6 айға түрме жазасын кесуге қаулы етті. Сонымен бірге жәбірленуші тарап – марқұмның ата-анасына өтемақы ретінде 20 миллион теңге беруге міндеттеді.
Десе де, марқұмның анасы әрі жәбірленуші сот қаулысымен келіспейді. Ол бұл «өте аз жаза, өмір бойына түрмеге жабуды сұраймыз» деп отыр.
«Апелляциялық соттың қаулысына келіспеймін. Сотталушы 18 жасқа толмаған дейді. Сол үшін барлық жеңілдік беріліп жатыр. Мен өмір бойына соттауды сұраймын. Ол жазасын өтеген кезде 24 жасқа толады екен. Сол кезде ол мұндай қылмысқа бармайды дегенге ешкім кепіл бола алмайды», – дейді марқұмның анасы Қарлығаш Оңғарбаева.
Қарлығаш Оңғарбаеваның сөзінше, жазаны ауырлату үшін заңға өзгерту енгізуді сұрайды. Ол сотта ешбір талабының орындалмағанына қапалы. Жоғарғы сотқа арызданатынын жеткізді.
«Баланың әке-шешесінің жағдайы келмейді дейді. Анасы – зейнеткер, әкесі ІІІ-топ мүгедегі. Сот менен сұрады ма? «Сіздің жағдайыңыз келе ме? Осындай қайғыны көтере аласыз ба?» деп менен ешкім сұрамады. Мен де жалғызбасты анамын. 3 қызымды жалғыз өзім асырап, бағып-келдім. Қызымнан айырылғаннан соң неше рет ауруханаға түстім. Сотта баланың әкесінен: «Қан қысымыңыз көтерілді ме, түсті ме?» дейді. Ал менен сұрамайды. Неге менен сұрамайды, жағдайымды ешкім білмейді?», – дейді Қарлығаш Оңғарбаева көзіне жас алып.
Жәбірленуші тарап сотталушыны өмір бойына соттауды және 100 миллион теңге моралдық өтемақы талап етеді.
Айта кетейік, жантүршігерлік оқиға 2025 жылдың шілде айында болған. Үй тазалауға барған әйел жоғалып, кейін оның денесі қоқыс жәшігінің жанынан табылған еді. Қанды оқиғаға күдікті ретінде 11-сынып оқушысы ұсталған болатын. Марқұмның артында екі баласы жетім қалған еді.