Оқу-ағарту министрлігі форумдарды азайтып, ақшаны үнемдемек

Оқу-ағарту министрлігі білім саласындағы бюджет шығындарын азайтуға кірісті. Бұл туралы министр Жұлдыз Сүлейменова өңірлік білім басқармалары мен сапаны қамтамасыз ету департаменттері басшыларымен онлайн кездесуде мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес, енді қаржы формальды шараларға емес, нақты нәтижеге жұмсалмақ.
«Ендігі кезекте білім саласының ресурстары формальды шараларға емес, нақты сапаға бағытталады. Соның аясында, есеп беру үшін өткізілетін форумдар, жиындар саны қысқартылады. Республикалық және өңірлік шаралар тізіміне қатаң ревизия жүргізіліп, тек білім берудің мазмұнын байытатын жобалар ғана мемлекеттік қолдауға ие болады», – дейді министр.
Кездесуде өңірлердегі дағдарысқа қарсы басқару сапасы мен бала қауіпсіздігі де айтылды. Министр мектептердегі техникалық қауіпсіздік, бейнебақылау жүйесі, күзет қызметі және оқушылар арасындағы психологиялық ахуал тұрақты бақылауда болуы тиіс екенін атап өтті. Өңірлік басқарма басшыларына жергілікті жерде жедел әрі батыл шешім қабылдауды тапсырды.
Бұған дейін Сүлейменова әлеуметтік желідегі парақшасында мемлекеттен бөлінген қаражат есебінен жұмыс істейтін үйірмелердің жұмысы қатаң бақылауға алынатынын мәлімдеген еді.