Жыл басынан бері Қазақстанда бес адам коронавирус жұқтырған

Жыл басынан бері елімізде коронавирус инфекциясының бес жағдайы тіркелді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда індет 17,2 есеге төмендеген.
Kazinform ақпаратынша, бұл туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті хабарлаған.
Ведомство мәліметінше, өлім-жітім жағдайлары тіркелмеген.
«ҚР аумағында SARS-CoV-2 нұсқаларының айналымына жүргізілген соңғы мониторинг деректеріне сәйкес, қазіргі таңда «Омикрон» штамының XFG желісінің мынадай субнұсқалары анықталған: XFG.3 — 75%, XFG.3.1 — 12,5%, XFG.6 — 12,5%. XFG желісінің айналымы «Омикронның» бұған дейін таралған басқа ұрпақтарымен салыстырғанда халық денсаулығына қосымша қауіп төндірмейді», – деп хабарлады комитет.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанда 2025 жылғы 1 қыркүйек пен 29 қазан аралығында коронавирус инфекциясының 74 жағдайы тіркелген.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мұның алдында «сәтсіз екпелерден» кейін қызылшаға қарсы вакцинация науқаны тоқтатылды деген ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеген.