Қостанай облысы әкімінің орынбасарына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде

Қостанай облысы әкімінің орынбасары Гүлбарам Мұсағазинаға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Kursiv.Media-ға Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз», – делінген ҰҚК жауабында.
Комитет бұдан өзге ақпаратты жариялауға болмайтынын, тергеу құпиясы екенін айқындады.
Айта кетейік, осыған дейін баспасөз беттерінде 11 ақпанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қостанай облысы әкімінің орынбасары Гүлбарам Мұсағазинаны ұстады деген ақпарат тараған еді.
Бұған қоса, Мұсағазина Астанадағы отырысқа қатысу үшін барған қостанайлық делегация арасында да болмаған.
Айта кетейік, осыған дейін блогер Николай Гинятов әкімнің орынбасарына қатысты тергеу туралы жазған еді. Ол тергеу емханалар мен ауруханаларға Мемлекеттік сатып алуға қатысты өңірде қозғалған қылмыстық іске байланысты болуы мүмкін деген. Алайда Мұсағазина бұл ақпаратты жоққа шығарып, Гинятовты жауапқа тартқызған.