«Мишабай, бауырым»: Димаш Құдайберген Шайдоровқа көлік сыйлады

Димаш Құдайберген Михаил Шайдоровты Қысқы Олимпиададағы жеңісімен құттықтады. Арнайы лебізін видеоға жариялап, инстаграм парақшасында жариялаған.
«Мишабай, бауырым! Олимпиада алтыны құтты болсын! Құрметті ағайын, не деген мереке! Не деген той! Мұз үстіндегі қимылың, өнерің дүйім жұртқа шабыт, рух сыйлаған үлкен азаматқа айналдың. Еліміздің саңлағы, менің досым, өзіңнің ағаң, өкінішке орай, халқымыздың маңдайына сыймай кеткен асыл перзенті Денисімізді жоқтатпадың. Ағаңның, халқымыздың алдыңдағы борышыңды жоғары деңгейде өтедің», – дейді әнші құттықтауында.
Михаил Димаштың орындауындағы әнді таңдағанына марқайып қалғанын да айта кетті.
«Қуантып қойдың, көп рахмет! Осы орайда саған темір тұлпар сыйлаймын. Аз да болса, көптей көр. Машина менің мойнымда», – деген Димаш чемпионға көлік сыйлайтынын айтты.
Еске салайық, бүгін Михаил Шайдоров Қысқы Олимпиадада мәнерлеп сырғанаудан алтын алып, күллі қазақ елін қуантты. Оны президент те құттықтап, арнайы орденмен марапаттады.