22 наурызда Байқоңырдан кеме ұшады: турист билеті қанша тұрады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
«Прогресс МС-33» ғарыш кемесі
«Прогресс МС-33» жүк кемесін ұшуға дайындап жатыр / фото: «Роскосмос»

15 ақпанда Байқоңыр ғарыш айлағында «Прогресс МС-33» ғарыш кемесін ұшуға дайындай бастады. Жүк кемесі 2026 жылғы 22 наурызда ұшады деп жоспарланған. Қазір туристерден өтініш жинау жүріп жатыр.

Ұшуға дайындық

Байқоңырда 2025 жылдың аяғынан бері сақталып тұрған «Прогресс МС-33» жүк кемесін қораптан ашты. Бұл туралы «Роскосмос» хабарлайды.

«Кемені қарап шықтық. Күн батареялары мен борт жүйесіне ерекше көңіл бөлінді», – деп таратты федералдық мекеме.

«Роскосмос» әзірге жүк көлігін Қазақстандағы айлақтан қашан ұшыратынын жариялаған жоқ.

«Прогресс МС-33» ғарыш кемесі
Кемені ұшуға дайындауға бір айдан астам уақыт қажет / фото: «Роскосмос»

Прогресс қашан ұшады?

Алдын ала мәлімет бойынша, «Прогресс МС-33» 2026 жылғы 22 наурызда Байқоңырдан ұшырылады. Бұл туралы ғарыш айлағына турист тартумен айналысатын компания сайтында айтылған.

Ресейлік «Вежитель» ұйымдастыратын турға өтініш қабылдау 22 ақпанда аяқталады.

«Прогресс МС-33» ғарыш кемесі
Байқоңырдан ұшатын кемелер Халықаралық ғарыш станциясына жүк жеткізеді / фото: «Роскосмос»

Байқоңырға билет қанша тұрады?

Компания ғарыш кемесінің ұшуын тамашалағысы келетіндер үшін төрт түрлі тариф ұсынып отыр. Ең қымбаты – VIP-тур – 350 мың рубль (2,2 млн теңге) тұрады. «Қызметтің барлық түрі қосылған» премиум-тур үш күнге созылады.

Ең арзаны 60 мың рубльге бағаланған. Бірақ трансферде орын болмаса, мұндай турды алып тастауы мүмкін екені ескертілген.

Байқоңырдан тағы не ұшады?

«Вежитель» мәліметінше, алдағы уақытта Байқоңырдан тағы екі ғарыш кемесі ұшады. Алдын ала мәлімет бойынша, 26 сәуірде «Прогресс МС-34», ал 14 шілдеде «Союз МС-29» ғарышқа ұшады. Ескере кететін бір жайт, ұшуға дайындық барысында ақау шықса, уақыты кейінге шегерілуі мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, 12 ақпанда Байқоңырдан «Протон-М» зымыраны ұшырылды. Оның қарсаңында мемлекеттік комиссия зымыран тасығышқа улы гептил отынын құюға рұқсат берген.

Сондай-ақ оқыңыз