Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар салықты қалай төлейді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Өзін өзі жұмыспен қамтығандар салықты қалай төлейді / Фото: shutterstock

Қазақстанда 2026 жылдың 1 қаңтарынан жаңа Салық кодексі қабылданып, бұрын қолданыста болған жеті бірдей арнаулы салық режимінің (АСР) қатары үшке дейін қысқарды.

Енді елімізде кәсіпкерлік қызметпен айналысатындар үшін тек үш негізгі режим қалды: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жеңілдетілген декларация негізінде және шаруа (фермер) қожалықтарына арналған режим.

Бұл реформаның ішіндегі ең маңызды жаңалықтың бірі – табысы аз немесе тұрақсыз азаматтарды заңды кәсіпкерлік ортаға тарту мақсатында енгізілген «өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимі». Осы ретте Kursiv.Media үшінші режимді таңдаған кәсіпкерлерге қандай талап қойылатынын, салық қалай төленетінін түсіндіреді.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар дегеніміз кім?

Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, Қазақстанда 193 мың адам ресми түрде өзін-өзі жұмыспен қамтыған мәртебесін алған.

Оны табысы тұрақсыз, жұмысшы жалдамайтын, айына табатын табысы 1,3 млн теңгеден аспайтын адамдар қолдана алады.

Бұл режим жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ, заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Алайда, бұл мәртебені иелену үшін азамат келесі талаптарға сай болуға тиіс:

  • Қазақстан Республикасының азаматы немесе қандас болуы;
  • Жалдамалы жұмысшы күшін пайдаланбауы (жұмысты тек өзі атқаруы);
  • Бір айлық табысы 300 АЕК-тен (2026 жылы шамамен 1,3 млн теңге) аспауы;
  • Жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеуі.

Үкімет бекіткен рұқсат етілген 40 қызмет түрінің (такси, пәтер жалға беру, аяқ киім жөндеу, үй тазалау қызметі және т.б.) бірімен айналысуы керек.

Салықты қалай төлейді

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жеке табыс салығын (ЖТС) төлеуден босатылған. Олардың жалғыз міндеттемесі – тапқан табысының 4%-ы мөлшерінде бірыңғай әлеуметтік төлем аудару. Бұл 4 пайыздың ішіне мыналар кіреді:

  • Міндетті зейнетақы жарнасы – 1%;
  • Әлеуметтік аударымдар – 1%;
  • Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасы – 1%;
  • Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы – 1%.

Бұл төлемді төлеу үшін банктен арнайы есепшот ашу керек.

Мемлекеттік кірістер департаментінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының басшысы Бақтыгүл Сейітованың айтуынша, Алматы қаласы мәслихатының шешімімен, алматылық өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін салық 3% болып белгіленген.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ешқандай салық есебін (декларация) тапсырмайды. Барлық процесс «E-Salyq Business» мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асады. Қосымша арқылы чек беріліп, табыс автоматты түрде есептеледі. Әлеуметтік төлемдер көлемін қосымшаның өзі есептеп шығарады.

Ал интернет ұстамайтын ауылдардағы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар салықтың ай соңында есептеп төлейді.

Егер ай ішінде ешқандай табыс болмаса, салық та, төлем де жасалмайды. Бұл табысы тұрақсыз жандар үшін өте қолайлы.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қатарына қалай өтеді

Бұған дейін патент немесе мобильді қосымша негізінде жұмыс істеп келген жеке кәсіпкерлер үшін өтпелі кезең 2026 жылдың 1 қаңтарынан 28 ақпанына дейін деп белгіленген.

Осы уақыт ішінде олар өз еркімен жеке кәсіпкер мәртебесін жауып, жаңа режимге ауыса алады.

Егер кәсіпкер бұл мерзімде шешім қабылдамаса, салық органдары 1 наурыздан бастап оларды автоматты түрде жалпыған ортақ режимге ауыстырып жібереді.

Сондай-ақ оқыңыз