Жамбылдағы жанжал: әскери қызметкер ауруханаға түсті

Жамбыл облысындағы Гвардейск гарнизонында орналасқан әскери бөлімдердің бірінде әскери қызметшіге күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Әскери полицияның мәліметінше, оқиға салдарынан әскери қызметшілердің бірінің жақ сүйегі сынған. Ол Алматыдағы Әскери-клиникалық госпитальға жеткізіліп, қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Денсаулық жағдайы дәрігерлердің тұрақты бақылауында.
«Аталған факт бойынша материалдар Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Қазіргі уақытта жан-жақты тексеру жүргізілуде. Тергеу барысында оқиғаға қатысы бар тұлғалардың, сондай-ақ жарғыға қайшы өзара қатынас фактісі туралы жоғары тұрған қолбасшылыққа дер кезінде баяндамаған және медициналық көмекті ұйымдастыруда кемшілік жіберген лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі», – делінген хабарламада.
Тергеу кезінде әскери бөлімнің бірқатар басшылары қызметінен уақытша шеттетілді. Қарулы Күштер басшылығы істі ерекше бақылауға алған.