Чемпион Шайдоров тағып жүрген алтын алқаны қай миллионер сыйлады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Михаил Шайдоров Олимпиада ойындары
Михаил Шайдоров сақ үлгісіндегі алтын алқаны алғаш рет 2025 жылғы желтоқсанда тағып шыққан / фото: olympic.kz, Сали Сабиров

Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Миландағы жарыста сақ үлгісімен құйылған алтын алқа тағып шықты. Оны мәнерлеп сырғанаушыға кім сыйлаған? Kursiv.Media анықтап білді.

Сақтардың аң стилі

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров алғаш рет бұғы өрнектелген алтын алқаны 2025 жылғы 6 желтоқсанда тағып шықты. Сол күні ол Гран-При жарысында еркін бағдарламасын орындады. Атлет оны Италияда өтіп жатқан Олимпиада ойындарына да тағып келді.

Алқа темір дәуірінде Қазақстан аумағын мекендеген сақ тайпаларының аң стилінде дайындалған. Алтын бұғылар Алматы облысындағы әйгілі Есік қорғанынан, сонымен бірге Шығыс Қазақстандағы Шілікті қорымынан табылған. Бір ғана Есік қорғанынан 4 мыңнан жуық алтын әшекей шыққан. Олардың бәрі Қазақстанның тарихи белгісіне айналып үлгерді.

Михаил Шайдоров Олимпиада ойындары
Михаил Шайдоров Олимпиада чемпионы атанды / фото: olympic.kz, Сали Сабиров

Алтын бұғыны кім сыйлады?

Шайдоровқа ерекше мәнге ие мұндай алқаны «Алтыналмас» компаниясы сыйлаған. Қазақстандағы ірі алтын өндіруші атлетке демеу көрсетіп отыр.

«Алтыналмас» компаниясы жеңіс жолын атлетпен бірге еңсергенін мақтан тұтады. Біз айтулы жеңіс жүйелі қолдаудан, сенім мен ұзақ уақытты қамтитын әріптестіктен басталады деп есептейміз», – деп жазды Михаилды Олимпиада алтынымен құттықтаған компания.

«Алтыналмас» Шайдоровтың алтын жүлдесін оның «дарыны мен ерен еңбегінің, жеңіске сенімінің нәтижесі» деп біледі.

Айта кетейік, алтын өндіруші компания сақ стиліндегі алтын бұғыны өзінің логотипі ретінде таңдап алған.

Шайдоровтың Олимпиада ойындарына дайындығына «Алтыналмас» нақты қанша қаражат жұмсағаны белгісіз.

«Алтыналмас» қожайыны кім?

1993 жылы құрылған «Алтыналмас», компания сайтындағы мәліметке қарағанда, Қазақстандағы ең ірі үш алтын өндіруші компанияның бірі. Ол Жамбыл, Қарағанды, Абай, Ақмола және Павлодар облыстарында алтын өндіреді.

«Алтыналмас» компаниясының негізгі иесі – Gouden Reserves B.V. (Нидерландта тіркелген компания). Ол компания акцияларының 67,5%-ына иелік етеді. Ал 22,5%-ы Владимир Жұманбаевқа тиесілі болса, қалған 10%-ы өзге де жеке тұлғалардың меншігінде.

Миллионер Жұманбаев дәулеттілер тізімінде 21-орында тұр. Forbes Kazakhstan 51 жастағы кәсіпердің байлығын 472 млн долларға бағалаған.

Сондай-ақ оқыңыз