Тоқаев сумошы Ерсін Балтағұлды «Барыс» орденімен марапаттады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сумо спортының отаны Жапонияда жетістікке жеткен қазақстандық балуан Ерсін Балтағұлмен кездесті.
Сондай-ақ спорт саласындағы елеулі еңбегі үшін сумошыны ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Президент спортшының былтыр Император кубогында «маэгашира» атағын, яғни сумо балуандарының ең жоғары дәрежесін иеленіп, жарыс қорытындысы бойынша «Канто-се» (жауынгерлік рух) арнайы жүлдесін алуымен де құттықтаған.
Тоқаев аталған жүлде табандылық пен қажырлы еңбектің жемісі екеніне тоқталды. Сондай-ақ бүгінде шет мемлекеттерде елімізді әлемге танытып жүрген жастарымыздың көбейіп келе жатқанын, мемлекеттің таланттар мен спортты қолдауға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.
«Жапонияға барған сапарымда сізді Императордан бастап қарапайым халыққа дейін бәрі танитынын, құрметтейтінін байқадым. Бұл – зор мәртебе. Жапонияда тұрсаңыз да қазақтың атын шығарып, еліміздің беделін биіктетіп жүрсіз. Сізге ерекше ризашылығымды білдіремін», – деді мемлекет басшысы.
Ерсін Балтағұл президентке ілтипат көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, еліміздің жас спортшыларымен кездесуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
«Қазақстанның азаматы ретінде мақсатымыз еліміздің көк туын 120 миллионнан аса халқы бар Жапонияға таныту болатын. Осы бағыттан таймай, еңбек етіп келеміз. Сондай-ақ Италиядағы Қысқы Олимпиада ойындарында алтын медаль иеленген отандасымыз Михаил Шайдоровтың айтулы жетістігімен өзіңізді және барша қазақстандықты құттықтаймын», – деді Ерсін Балтағұл.
Кездесу соңында президент балуанға сәттілік тілеп, ел абыройын асқақтатуға және Қазақстан мен Жапония арасындағы достықты нығайтуға үлес қоса беруіне тілектестік білдірді.