Жаңбыр мен көктайғақ: Ақмолада жолда шектеулер енгізіліп жатыр

Ақмолада тәртіп сақшылары жүргізушілерге ауа райының нашарлауына байланысты жолдарда өте мұқият болуды сұрады.
Өңірдің полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыста көктайғақ байқалады. Бұл жол жағдайын едәуір қиындатады және жол-көлік оқиғаларының қаупін арттырады. Көкшетау-Астана автожолында апаттардың алдын алу үшін жылдамдық режимін 80 км/сағ дейін шектеу енгізілді.
«Ауа-райының өзгеруіне, атап айтқанда қар жауғанына және көктайғақтың пайда болуына байланысты облыс аумағында жеңіл және жүк көлігі үшін жол қозғалысына уақытша шектеулер енгізілетін болады. Шұғыл қажеттіліксіз сапарлардан бас тартуды, қашықтықты және жол қозғалысы ережелерін сақтауды сұраймыз», — деді аймақ тұрғындарына патрульдік полиция батальонының командирі Ерлан Дарбаев.
Полицейлер автокөлік жүргізушілеріне белгіленген жылдамдық режимін сақтауды, қауіпсіз қашықтықты сақтауды, маневрлерден аулақ болуды және қолайсыз ауа райы жағдайында мүмкіндігінше ұзақ сапарға шықпауға шақырды.