Абай облысының әкімі Берік Уәли бір жылда не бітірді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Берік Уәли, Абай облысының әкімі
Берік Уәли / фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

17 ақпанда Берік Уәлидің Абай облысы әкімі қызметіне тағайындалғанына тура бір жыл толды. Президенттің бұрынғы баспасөз хатшысы осы уақытта атқарылған жұмыстардың есебін берді. Шағын сұхбат «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды.

Тоқаев тапсырмасын орындау

49 жастағы шенеунік Берік Уәли бір жылда әр салада «біраз жүйелі жұмыс жүргізілді» деп есептейді. Өңірде өткізген жиналыстарда мемлекет басшысының үлкен суретін үстелге қоюды әдетке айналдырған әкім газетке сұхбатын да президенттен бастаған.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мені туған жерім – Абай облысына әкім етіп жібергенде алдыма бірқатар міндет қойды», – дейді Уәли.

Оның айтуынша, президент оған өңірдегі әлеуметтік-эконо­микалық мәселелердің шешілуі тұр­ғындардың тұрмыс деңгейін арттыруға тікелей ықпал ететінін айтқан. Бұған қоса, өңірді қар­қынды дамыту жолдарын қарас­ты­рып, өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешуді тапсырған.

«Біз ең әуелі құрылысы созылып кеткен 65 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысаны құрылысын аяқтап, былтыр тұрғындардың игілігіне бердік», – дейді облыс басшысы.

Әкім мектеп­­тер құрылысы да кестеден кешігіп қалғанын, мердігерлерге қатаң талап қойылғанын атап өтті.

«Нәтижесінде, 2025 жылы облысымызда 4 заманауи мектеп ашылды».

Уәлидің айтуынша, Абайдың 180 жылдығы, мемлекет басшысының тапсырмасына сай, лайықты деңгейде аталып өтті.

Көш соңында қалған өңір

Шенеунік өзі басқарып отырған облыстың «көш соңында қалған өңір» екенін мойындайды. Әсіресе Абай облысында инфрақұрылым дамымай қалған.

«Әрине, өңірдегі ұзақ жыл бойы қордаланған мәселелерді шешу үшін уақыт пен тиісті қолдау қажет», – деп есептейді Уәли.

Дегенмен ол өңір «президент пен үкімет қолдауын анық сезініп отыр» деп ойлайды.

«Облысымыздың ширек ғасыр­дан кейін қайта ашылып, тарихи әділеттілік­тің салтанат құруы – тікелей Мемлекет бас­шы­сының қамқорлығы екені баршаға бел­гілі».

Берік Уәли, Абай облысының әкімі
Берік Уәли шамамен 4,5 лет жыл президенттің баспасөз хатшысы қызметін атқарған / фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Соның арқасында, Уәлидің пікірінше, облыс тіршілігі жандана бастаған.

«Қазір өңіріміздегі өзекті мәсе­лелер біртіндеп шешімін та­уып, эко­номикада тұрақты өсім бай­қалып, тұр­­ғындардың әл-ауқаты жақсарып келе­ді», – дейді әкім.

Шенеунік былтыр Абай облысы­­­ның жалпы өңірлік өнімі 101,5% болып, 2 трлн 385,8 млрд теңгеге жеткенін соған мысал ретінде келтірді.

«Был­тыр өңір экономикасының 12 негізгі көрсеткішінің 10-ында өсім қамтамасыз етілді», – дейді әкім.

Уәли былтыр облысқа инвестиция тарту үшін жүзден астам шетел инвесторымен кездескенін мәлімдеді. Осындай кездесулердің нәтижесінде Қытайдың ірі компанияларымен құны 1,5 млрд доллардың 15 меморандумына қол қойылған.

Қаладан ауылға

Облыс әкімі «Қаладан – ауылға» атты жаңа жобаны ел назарына ұсынатынын айтты.

«Жобаның мақсаты – алтын бесік ауылды түлету, өңір тұр­ғындарының әл-ауқатын жақсарту. Бағдарлама аясында қаладан ауылға көшкісі келетін азамат­тарға нақты көмек көрсетіледі», – дейді ол.

Бұған қоса, өңір «шетелден қоныс аударғысы келетін қандас­тарды да құшақ жая қарсы алуға» әзір. Өйткені кейінгі жылдары Абай облысынан халық жаппай көшіп кетіп жатыр.

Уәли халық санын көбейтіп қана қоймай, облысқа турист тарту ойы бар екенін айтып қалды.

«Абай облысы мен Семей қаласының негізгі имиджі – Алаш. Бұл жер – күллі қазақ даласына сәуле шашқан ұлылар мекені. Барша өркениет жаңалығы бол­ған тұңғыш­тардың бастау алған жері», – деп мақтанды әкім.

Бұл ретте Уәли Семей қаласында 45 жылдан бері бірде-бір жаңа мәдени ошақ салынбағанын еске салып, алдағы уақытта облыс орталығында президенттің тікелей қолдауымен жаңа драма театр салынатынын жариялады.

Кинотанушы һәм журналист, президенттің бұрынғы баспасөз хатшысы Берік Уәли 2025 жылғы 17 ақпанда Абай облысының әкімі қызметіне тағайындалған. Өңір халқы негізінен жаңа басшыға үміт артады, сынаушылар да жоқ емес.

Сондай-ақ оқыңыз