Түркістанда жасырын цех ашып, 60 млн қауіпті темекі өндірген

Түркістанның Келес және Ордабасы аудандарында жасырын цех ашып, қауіпті темекі өнімін (снюс) өндірген әрі таратқан. Бұл туралы Қаржы мониторинг агенттігінен хабарлайды.
Бір емес үш цех жасырын жұмыс істеген. Олардың жалпы ауданы 500 шаршы метрден асады, барлығы 20 адам жұмыс істеген. Өндірілген темекі өнімдері тек Түркістан ғана емес бүкіл Қазақстанға таратылған.
«Заңсыз айналымнан 1 млн-нан астам дайын өнім, 30 тонна темекі, 2 млн қаптама пакеті, түрлі хош иістендіргіштер мен улы химиялық қоспалар, сондай-ақ өндірістік арнайы жабдықтар тәркіленді. Тәркіленген шикізат көлемі шамамен 60 млн дана бір реттік снюс мөлшерін өндіруге жеткілікті болған», – деп жазылған агенттік хабарламасында.
Заңсыз қызметтен күдіктілер екі автокөлік сатып алған. Қазір олар қамауға алынды, тергеу жүріп жатыр.
Снюс – никотин мен улы химиялық заттар бар темекі өнімі. Ол адамды тез тәуелді етеді, ауыз қуысының шырышты қабатын зақымдайды, жүрек-қантамыр ауруларына апарады.