Автоөндіріс жаңа рекорд тіркеді, бірақ импортқа тәуелділіктен арыла алмадық

Қазақстан автомобиль өнеркәсібі 2025 жылы ел тарихындағы ең жоғары көрсеткішке жетті: отандық зауыттар былтыр 171 мыңнан астам автокөлік шығарды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 17,8%-ға көп. Дегенмен республика әлі де болса автомобиль импортына тәуелді болып отыр.
Өндіріс жетістігі
Қазақстан былтыр 159 мың жеңіл автокөлік, 12,2 мың коммерциялық техника шығарған. Жалпы өнім құны 2,3 трлн теңгеден асса, машина жасау саласындағы үлесі де рекордтық 41%-ға жетті. Өнеркәсіп министрі Ерсайын Нағаспаев осындай көрсеткішті үкімет отырысында елеулі жетістік деп сипаттады.
Өңдеу өнеркәсібінің 8%-ын қамтитын салаға 113,6 млрд теңге инвестиция құйылды. Өсім Allur (Қостанай), Hyundai Trans Kazakhstan (Алматы) және Astana Motors сияқты кәсіпорындардың қуатын арттыруының арқасында мүмкін болды. Kia, Jetour, Hyundai секілді автокөлік түрлері елде шығарыла бастады.
Импортқа тәуелділік
Алайда, осы жетістікке қарамастан, Қазақстан әлі импортқа қатты тәуелді. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2025 жылы машиналар мен жабдықтар импорты 29 млрд доллар болды.
Бұл жалпы импорттың 44,7%-ы – ең үлкен үлес. Импорттың басым болуының себебі – елде Қытайдан (Chery, Haval, Changan) келетін айтарлықтай арзан автокөліктерге сұраныс жоғары. Отандық өндіріс қымбат болғандықтан, тұтынушылар әлі де болса импортты таңдайды.
Мәселен, былтыр Қытайдан 211 мыңнан астам автокөлік елге кірген. Қазақстан қытай автокөліктері ең көп сатылатын он елдің қатарында тұр.
Автомобиль өндірісіндегі рекордтық көрсеткіш Қазақстан өнеркәсібінің дамуындағы маңызды қадам. Дегенмен импортқа тәуелділікті азайту үшін жергілікті өндірісті күшейтіп, бәсекеге қабілетті бағалар ұсыну керек.
Алдағы жылдары елде жаңа автозауыттар іске қосылса ғана таразы басы теңесе бастайды. Әйтпесе Қытай экспортының қарқынын тежеу қиын.